Жылыту маусымына дайындық: биыл Астанада 7 мың 643 метр жылу трассасы жөнделеді

14.08.2025 19:27

Қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне 3 мың 488 көпқабатты тұрғын үй, 1 мың 885 жеке үй және 2 мың 833 түрлі мақсаттағы өзге нысан қосылған

Елордадағы жылу желілерінің тозу деңгейі әлі де жоғары. «Астана-Теплотранзит» дерегінше, былтыр бұл көрсеткіш 53,8 пайызды құраған. Биыл 7 мың 643 метр жылу трассасын жөндеу көзделіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астанада ескірген жылу желілері талай жылдан бері қолданаста екен. Осыған дейін 1980 жылы салынған учаскелерде 5 рет, ал1970 жылы іске қосылған желілерде 3 рет апат тіркелген. Ескі нысандардың тозуы тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге қауіп төндіретіні белгілі. Оның алдын алу үшін жылу желілерін жаңарту инвестициялық жобалар арқылы қолға алыныпты. Бір бөлігі толық жөнделсе, қалғанында қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Бағдарлама бойынша алдағы уақытта ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын 16 жылу трассасы ауыстырылмақ.

«Биыл инвестициялық бағдарламаға 3,5 млрд теңге бекітілді. Оның 2,9 млрд теңгесі ескі жылу желілерін реконструкциялауға жұмсалады. Келесі слайдтарда Целиноград кезінен тозығы жеткен желілерді және онда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарын көрсетеміз. Бұл  «тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша іске асырылып жатыр», – деді «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Сейітқазиев.

Компанияда алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қаладағы 14 сорғы стансасы мен 2 жылу тарату пункінің 77 пайызы әзір. Әлеуметтік нысандардың ішінде білім беру орындарының дайындығы 96, денсаулық сақтау мекемелерінікі 94 пайыз болса, тұрғын үйлердің көрсеткіші 84 пайызға жеткен. Алайда мәслихат депутаты Кендебай Адамбек қарқынға қанағаттанбай, жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті.

«Біраз жұмыстар дайын, бірақ 14 сорғы станциясының дайындығы 77 пайыз. Басшылар жоспардан қалып отырғандарды қадағалау керек», – деді қалалық мәслихат депутаты Кендебай Адамбек.

«Астана-Теплотранзит» өкілдері ел бойынша жылу энергиясын тасымалдау тарифі жеке бекітілетін өңірлермен салыстырғанда Астанада ең төмен екенін атап өтті. Алайда, материалдардың қымбаттауына байланысты алдағы уақытта оны көтеру үшін ресми түрде өтініш бергендерін хабарлады.

 «Өтінімді әзірлеп, тапсырдық. Қолданыстағы бесжылдық тарифтің мерзімі аяқталды. Әрине, біз оны көтеруді сұрап отырмыз, себебі бәрімізге белгілі барлық материалдардың, жанармайдың және салықтардың бағасы өсіп жатыр. Сонымен қатар желілерімізді дамыту қажеттілігіне байланысты штат санын арттыру және материалдарды көбірек сатып алу керек. Мұның бәрі бүгінде қымбатқа түседі», – деді  «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының Орынбасары Серік Амангелдинов.

Айта кетсек, соңғы 20 жыл ішінде «Астана-Теплотранзит» балансындағы жылу желілерінің ұзындығы 600 шақырымнан асты. Бүгінде қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне 3 мың 488 көпқабатты тұрғын үй, 1 мың 885 жеке үй және 2 мың 833 түрлі мақсаттағы өзге нысан қосылған.