Зиянды жұмыстағы азаматтарға берілетін тағам рационы өзгере ме

27.04.2026 16:24

Ведомство сүт пен тағам берілетін қызметкерлер тізімі мен оны алу тәртібінде ешқандай өзгеріс болмайтынын айтты

Depositphotos.com

Қазақстанда жұмысшыларды сүтпен және емдік-профилактикалық тағаммен қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Тиісті түзетулер жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомствоның мәліметінше, жаңартылған құжат жұмысшылардың денсаулығын қорғауды күшейтуді көздейді. 

Атап айтқанда, түзетулер аясында мынадай мәселелер реттелмек:

  • емдік-профилактикалық тағам беру ережелерін нақтылау;
  • тағам рационының құрамы мен оның функционалдық мақсатын айқындау;
  • жекелеген компоненттерді беру нысандарын бекіту;
  • терминологияны біріздендіру және құқықтық қайшылықтарды жою.

"Жобаның негізгі мақсаты — нормаларды барынша түсінікті етіп, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғауды нығайту", — деп атап өтті министрлік өкілдері.

Сонымен қатар ведомство сүт пен тағам берілетін қызметкерлер тізімі мен оны алу тәртібінде ешқандай өзгеріс болмайтынын, тек техникалық және мазмұндық түзетулер енгізілетінін нақтылады.

Қазіргі уақытта құжат «Ашық НҚА» порталында орналастырылған. Оны талқылау ағымдағы жылдың 14 мамырына дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз: Үкімет ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін кеңейту бойынша шетелдік инвесторлармен кездесті