Тазалық науқанында бүлдіршіндерге қоқысты дұрыс сұрыптау жолдары көрсетіліп, түсіндірілді
«Жина, сұрыпта, қайта өңде». Дәл осындай сарында Алматыдағы балабақшалардың бірінде экологиялық акция өтті. Тазалық науқанында бүлдіршіндерге қоқысты дұрыс сұрыптау жолдары көрсетіліп, түсіндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
№186 бөбекжайдағы «Жасыл балабақша» экологиялық науқаны әр апта сайын өтеді. Бүлдіршіндер өздерімен бірге пластик, шыны, қағаз сияқты қалдықтарды әкеледі. Қоқыс арнайы контейнерлерге салынып, қайта өңдеуге жарамдылары бөлек сұрыпталады. Акцияға балалармен қоса, ата-аналар да қатысып, өз үлесін қосты.
«Жақсылықты қолдаймыз,
Табиғатты қорғаймыз.
Гүл егеміз бақтарға,
Айналасын қоршаймыз», – деді тәрбиеленуші Аяла Молдасын
«Табиғатты ластамауға қатысты мәлімет алып жатыр. Науқан биыл ғана емес, балабақшаға келгеннен бері өткізіледі. 2-3 жасында қызым жолда келе жатып «мама, табиғат ананы ластауға болмайды, жер ана ренжитін болды ғой» деп жердегі қоқыстарды көргенде көңілі түсіп қалатын», – деді ата-ана Әйгерім Молдасын.
Тәрбиешілердің сөзінше, аталған акция балалардың экологиялық мәдениетін ерте қалыптастыруға көмектеседі. Яғни, жоба барысында балалар тек тыңдаушы емес, белсенді түрде түрлі тәжірибелерге қатысады. Суды үнемдеу, тазалау, қоқысты сұрыптай отырып, түсін, түрін ажыратады.
«Бәрі балабақшадан басталады. Қазір балаларды үйретсек, кейін естерінде қалады, қайтадап жасайды», – деді № 186 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Айгүл Иманбекова.
Айта кетейік, «Жасыл балабақша» жобасы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетімен және жеке қоқыс компаниясымен бірлесе ұйымдастырылып отыр. Яғни мамандар бөбекжай ұжымына қоқысты қалай сұрыптау керек екенін, қандай қалдықтардың қайта өңдеуге жарамды екенін үйретеді. Ал жеке компания жиналған затты полигонға әкетеді.
Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Алматыда жалдамалы тұрғын үй бағасы қымбаттады