ЖИТС-ке қарсы күрес күні: Алматыда 10 мыңнан аса адам індетке шалдыққан

Дәрігерлердің айтуынша, «ғасыр індеті» атанған бұл ауру әсіресе 15 пен 49 жас аралығындағы адамдар арасында жиі тіркеледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін ғаламдық дертке айналған дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні. Ресми деректерге сәйкес Алматы қаласында бұл індетке шалдыққан 10 мың 219 науқас тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салауат Қабжәлелов – Екібастұз өңірінің тумасы. Ол 15 жыл бойы жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромымен күрес жүргізіп келеді. Толық тексеруден өтпек болған сәтте дәрігерлер оған осындай диагноз қойған екен. Бастапқыда бұл хабар жанына ауыр тигенімен, білікті мамандардың қадағалауымен дерттің беті қайтып, жағдайы біршама жеңілдеген

«Бұл дертпен арпалысып жүргеніме он бес жылдан асты. Алғашында осы емдеу орталығына жиі келіп, күн сайын сегіз түрлі дәрі қабылдайтынмын. Уақыт өте келе жағдайым жақсарып, қазір үш айда бір рет қана тексерістен өтемін. Дәрілердің саны да азайды, өмір сапасы да біршама түзелді. Айтарым – ауруды жасырып, кейінге ысырып қоюдың қажеті жоқ. Уақтылы қаралып, ерте ем қабылдаса, бәрінің шешімі табылады», – деді қала тұрғыны Салауат Қабжәлелов.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Алматы қаласында бұл індетке шалдыққан 10 мың 219 адам тіркелген. Оның 66 пайызы – оңтүстік астананың өз тұрғындары болса, қалған бөлігі – еліміздің әр өңірінен келген азаматтар. Ақ халаттылардың айтуынша, науқастардың басым көпшілігі дертті жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Дегенмен қанмен немесе анадан балаға сүт арқылы жұғатын жағдайлар да жоқ емес. Дәрігерлердің айтуынша, «ғасыр індеті» атанған бұл ауру әсіресе 15 пен 49 жас аралығындағы адамдар арасында жиі тіркеледі.

«Тестілеуден өткен адамдардың ішінде 87 пайызы АИТВ-нің бар екенін біледі. Ол өте жоғары көрсеткіш. Яғни анализді тапсырып қана қоймай, олар нәижесін біледі. Ары қарайда емін алады. Оның ішінде 92 пайызы ем алады. 92 пайызы антиретровирусный емді эффективті, жақсы көрсеткішпен емделіп жатқан науқастар», – деді қалалық ЖИТС-тың алдын алу және емдеу орталығы бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Әлімбекова.

Айта кетейік, елімізде жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромының таралу көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш басында. Одан кейін Қарағанды облысы тұрса, үштікті Павлодар түйіндейді. Ал бұл тізімде Алматы қаласы алтыншы орында тұр. Бұған шаһарда тегін медициналық көмектің қолжетімділігі мен науқастардың уақытылы ем қабылдауы себеп болып отыр.

Мәди Мәлік,  Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: Жамбылда теміржол өткелі жылға жетпей бүлініп жатыр

Новости партнеров