Жоғалған отбасы: Атырау облысында күдікке ілінген ерлі-зайыптылар елге қашан жеткізіледі

05.03.2026 15:30

Із-түзсіз кеткен екі баласы екі айдан бері іздестіріліп жатыр

Атырау облысындағы қанды қылмысқа қатысы бар деп күдікке ілінген ерлі-зайыпты осы айда Индонезиядан елге жеткізіледі. Ақпаратты Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, ведомство бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп, оларды елге жеткізу жолдарын пысықтап жатыр. Сондай-ақ вице-министр отбасының із-түзсіз кеткен екі баласының екі айдан бері табылмай жатқанын айтып, бұл бағытта әртүрлі кешенді іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Еске салсақ, желтоқсанда Жангелдин ауылында тұратын отбасы белгісіз жағдайда жоғалып кетіп, кейіннен ерлі-зайыпты зейнеткерлердің денесі үй ауласындағы сарайдан табылған. Оларды өлтірді деген күдікке марқұмдардың күйеу баласы ілініп, халықаралық іздеу жарияланған. Ол әйелі екеуі Индонезияның Сенару ауылында қолға түсті. Марқұмдардың қызы да күдікке ілінді.

«Жақын арада екі күдікті тұлға Индонезия мемлекетінен Қазақстанға жеткізіледі. Сол жұмысты белсенді түрде атқарып жатырмыз. Осы айда алып келеміз, қосымша ақпарат беріледі. Екі іздестіруде жүрген адамдарды тиісті шараларды өткізіп жатырмыз. Арнайы тергеу топ құрылды. Атырау облысында қызмет атқаруда», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов .

Оқи отырыңыз: Жалған сертификат: Түркістан облысында заңсыз сауданың жолы кесілді