Құжаттың негізгі мақсаты – сот тәжірибесін біріздендіру және қылмыстарды саралаудағы алшақтықтарды жою
Жоғарғы Сот адамның жыныстық тиіспеушілігі мен жыныстық бостандығына қарсы қылмыстарға қатысты істер бойынша нормативтік қаулы қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жиынға Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары, ғалымдар, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, сондай-ақ Сот әкімшілігі, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі және адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.
Отырыста «Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы жобасы талқыланды. Құжатты таныстырған Жоғарғы Сот судьясы Есенбай Боранбаев бұл санаттағы қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі жоғары екенін және салдары ауыр болатынын атап өтті.
Оның айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты – сот тәжірибесін біріздендіру және қылмыстарды саралаудағы алшақтықтарды жою. Жобада жыныстық тиіспеушілік пен жыныстық бостандыққа қарсы құқық бұзушылықтарды дұрыс жіктеуге қажетті негізгі ұғымдар мен терминдер нақты айқындалған. Атап айтқанда, зорлау, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу және өзге де жыныстық сипаттағы әрекеттердің құқықтық анықтамалары нақтыланды.
Жоғарғы Сот судьясы Жанна Волкова құжатта жыныстық әрекеттерге мәжбүрлеу, әдепсіз әрекеттер және жыныстық қудалау ұғымдары да нақты көрсетілгенін жеткізді. Сонымен қатар қылмыстарды «қайталау» белгісі бойынша саралау мәселелері де айқындалған.
Жоба кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілердің айғақтарын сақтау тәртібіне ерекше назар аударады. Бұл олардың құқықтарын қорғау мен процессуалдық кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін маңызды. Жоғарғы Сот судьясы Нұржан Жолдасбеков соңғы жылдары Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты сот тәжірибесінде туындаған мәселелерге кешенді түсіндірмелер берілгенін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар нормативтік құқықтық актіні қабылдауға дауыс берді. Құжат Жоғарғы Соттың ресми сайтындағы «Заңнама» бөлімінде жарияланған. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми түрде жарияланады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда бір грамм алтын қанша тұрады