Жоғары сот судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды

24.01.2026 16:26

Конституциялық органдарды тағайындау тәртібі өзгеруі мүмкін
 

t.me/consot_kz

Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин отырыс барысында сөйлеген сөзінде Президент институтының қызметіне қатысты Құрылтайдағы дауыс кворумы туралы айтып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бұл да Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Жұмыс тобы қазіргі Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімді болашақ Құрылтай моделінде қалдыруға болады деген байламға келді. Бұл – тепе-теңдік тежемелік механизмдерін сақтауға мүмкіндік беретін қадам. Сондықтан қазіргі конституциялық рәсімдер мен дауыс берудің ара қатынасын Құрылтай моделіне бейімдей отырып сақтап қалу ұсынылды», - деді ол.

Мемлекеттік кеңесші негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі Құрылтайдың құзыретіне тоқталды. Жұмыс тобының бұған қатысты ұсыныстарын Мемлекет басшысы Қызылордадағы Құрылтайда айтып өтті.

«Бір палаталы Парламент үлгісіне көшуге байланысты заң шығарушы органның рөлін күшейту кезінде тежемелік тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету өте маңызды. Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды.

Бұған қоса Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. Сонда Құрылтай конституциялық органдарды қалыптастыратын беделді институтқа айналады», - деді Е. Қарин.

Оның айтуынша, бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам.

«Осылайша, Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттіктерді қайта қарады. Ал Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылды. Мұндай тәсіл «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасымен толық үндеседі»,- деді ол.

Оқи отырыңыз: Әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады