Жол апатынан көлікті қалай сақтандырған дұрыс

30.12.2025 13:09

Агенттік мәліметі бойынша, елімізде 15 компанияның ерікті автосақтандыру лицензиясы бар

Almaty.tv

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  жол апатынан көлікті қорғаудың жолдарын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Міндетті сақтандыру жол апатының салдарынан үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиянды өтеуге арналған. Ал апатқа кінәлі деп танылған адамның көлігіне келтірілген зиянды өтеуге қатысты қолданылмайды. Ерікті автосақтандыру (КАСКО) апатқа кінәлі адамның да сақтандырылған көлігі зақымданса, жоғалса немесе толық жойылса, залалын өтеуді көздейді. Бұл ретте сақтандыру өтемінің шарттары мен тәртібі әр түрлі сақтандыру тәуекелдерін, франшиза мөлшерін, шығындарды реттеу тәртібін, жөндеу форматын және жүргізуші кінәсінің дәрежесін ескере отырып, қосымша сервистік қызметтерді қамтуы мүмкін", — деп жазады агенттік мамандары.

Агенттік мәліметі бойынша, елімізде 15 компанияның ерікті автосақтандыру лицензиясы бар. 2025 жылдың 11 айында бұл компаниялар 77,3 млрд теңгеге ерікті автосақтандыру келісімшартын жасап, жол апатына ұшыраған көлік иелеріне шығынды өтеу үшін 26,5 млрд теңге төлеген.

Айта кету керек, көлікті ерікті сақтандыру құны міндетті сақтандырудан бірнеше есе жоғары, сақтандыру пакеті мен көліктің маркасына байланысты өзгереді. Ал міндетті сақтандыру полисінің орташа құны шамамен 15 мың теңге.

Оқи отырыңыз: Алматыда атмосфералық ауаны қорғау ережесі бекітілді