Сала мамандары студенттерді жылжымалы жол зертханасының жұмысымен таныстырды
Жол сапасын бақылау саласын цифрландыру ісі қарқын алды. Алматыда Жол активтері сапасы ұлттық орталығының директоры студенттерге дәріс оқып, болашақ мамандарға сандық жүйеге көшу жайын баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Болатбек Айтбаевтың айтуынша, бүгінде деректерді жинаудан бастап барлық процесті қамтитын бірыңғай цифрлық эко-жүйе қалыптасқан. Жол инженерлері нысан басында отырып-ақ, атқарылған жұмыс бойынша мәліметтерді енгізіп, есептерді нақты уақыт режимінде тапсыра алады. Сондай-ақ орталық директоры Мемлекет басшысының автомобиль жолдарының жай-күйі туралы ақпаратқа қол жеткізуге және қоғамдық бақылау тетіктерін енгізуге мүмкіндік беретін цифрлық платформа құру туралы пәрменін еске салды.
«Мұндай іс-шаралар біздің кафедрамыздың ұйымдастыруымен білім алушыларға өте жиі өтеді. Бұл білім алушылардың сапалы білімін, кейін жұмыс орындарына барғанда барлық технологиялық үрдістерді білуіне көп көмегі тиеді деп ойлаймын», - деді М. Тынышбаев атындағы ALT университетінің қауымдастырылған профессоры Тұрлы Дүйсенғалиева.
Дәрістен кейін сала мамандары студенттерді жылжымалы жол зертханасының жұмысымен таныстырды. Ондағы құрылғыларды көрсетіп, қалай жұмыс істейтінін баяндады. Сыртынан қарапайым автокөлік көрінгенімен, ішінде тұтас бір талдау орталығы бар. Көшеде жүйткіп бара жатып-ақ, жолдың жай-күйін толық тексере алады. Ал кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тәжірибелік жауап алды.
«Диагностикалық машинамызды көрсетеміз. Ол қазіргі таңда республикалық барлық жолдардың кемінде 16 мың шақырым жолын диагностика жасайды. Сол диагностиканың қорытындысы бойынша жолдарға күрделі жөндеу ме, орташа жөндеу ме, қандай жұмыстар жасалуы керек екені анықталады», - деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК департамент директоры Қуаныш Төлеуханов.
Оқи отырыңыз: Елімізде коммуналдық қызмет қымбаттай ма