Алматыда жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Былтыр қазан айынан осы күнге дейін Алматыда 250 мыңнан астам ауру тіркеліпті. Мамандардың айтуынша, вирус жұқтырғандардың басым бөлігі балалар мен екпе алмаған азаматтар. Өткен жылмен салыстырғанда вирустың таралу деңгейі өсті ме?
Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова жауап береді.
– Алмаш Сәрсембайқызы, Алматыдағы эпидахуал қалай?
«Биыл Алматы қаласында жіті респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсімі бақылау деңгейінен аспайтын жағдайда тіркелуде. Жылдың екінші аптасында жіті респираторлық вирустық инфекцияның 12421 жағдайы тіркелді. Бұл 100 мың адамға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 354,3-ті құрады. Бұл өткен аптаның көрсеткішімен салыстырғанда 49 пайызға жоғары. Ал өткен жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда 1,5 есе төмен. Ал ауырғандардың 67 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балаларда тіркелді.
– Жіті респираторлық вирустық инфекцияның өсуіне не себеп болады?
«Негізінде бұл вирустар ауа тамшы арқылы берілетін болғандықтан жан-жаққа қоршаған адамдарға тез арада жөтелгенде, түшкіргенде беріледі. Өте жұқпалы болып келеді. Сонымен қатар маусым кезінде қыс пен күз айларында көпшілік жиналатын орындарда, мектептерде, автотранспорттарда, ойын-сауық орталықтарында аурудың таралуы жиілейді. Өйткені жаз кезіндегідей есік- терезе ашық болмайды, желдету азаяды, сондықтан ауруда жұқтыру себептері көбейеді. Қыс, күз айларында адамдардың иммунитеті әлсірейді. Сондықтан ауруды тез жұқтырып алады. Ал жаз кезінде есік, терезені ашып, желдетуге болады, ол да әсер етеді. Адамдардың иммунитеті жақсарады. Бұл факторлар аурудың өсуіне немесе төмендеуіне себеп болады»
– Ал тұмауға келер болсақ, қазір оның қай штамдары көбірек таралған?
«Алматы қаласында биыл маусымның басынан бастап қалада тұмау вирусының А типті Н3N2 вирусы айналымда бар. Онымен қатар, басқа жіті респираторлық вирустық инфекциялар, оның ішінде риновирус, парагрипп, аденовирус, сондай-ақ маусымдық коронавирус вирустары бар. Ал жалпы тұмаумен ауырған 83 адам тіркелді. Барлығына ем тағайындалған. Жағдайы қанағаттанарлық деп айтуға боладф».
– Тұрғындарға екпе алу сияқты қандай сақтық шараларын ұсынасыз?
«Негізі эпидемиологиялық маусымның алдында жыл сайын жергілікті бюджет қаражатынан тұмауға қарсы осал топтағы тұрғындарға вакцина сатып алынады. Осы маусымның алдында әкімшілікпен 250 мың доза тұмауға қарсы вакцина сатып алынған. Гриппо 3 валентті. Бұл вакцинамен тұмауға егуге жататын тұрғындар және осал топтағы адамдар барлығы 100 пайыз қамтылды. Жалпы қаланың тұрғындарына шаққанда эпид маусымның алдында 10,8 пайыз адам тұмауға қарсы екпемен қамтылды. Бұдан бөлек, эпидмаусымда егер де біз екпе жасасақ, ол профилактика дейміз, ал қазір мына эпидмаусымның кезінде тұрғындар басқа да сақтық шараларын сақтауды ұмытпау қажет. Ең бастысы иммунитетін күшейтуі, маусымға сәйкес жылы киінуі, ауырып қалған кезде өздігінен емделмей, дәрігер көмегіне жүгіну және дәрігердің тағайындаған емін қабылдауы, сондай-ақ қарапайым жеке басының гигиенасын сақтауы, жөтелгенде, түшкіргенде бір рет қолданатын майлықтарды қолдануы, қолды жиі жуып тұруы, көпшілік баратын жерге барған кезде бір рет қолданатын маска киюі керек. Сондай-ақ ата-аналарға құлаққағыс, ауырған балаларды мектеп пен балабақшаларға апармауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ үйді, үй-жайды, бөлмелерді желдетіп, ылғалды түрде жуып-шайып тұрсаңыз, жіті респираторлық вирустық инфекциялардан сақтануға көмектеседі»
Оқи отырыңыз: Алматыда спортпен айналысатындардың саны миллионға жуықтады