Жамбыл облысында тозығы жеткен тағы 2 көпір бар
Жол азабын тартқан жуалылықтардың мәселесі ұзақ жылдан кейін шешім тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылындағы өткел мәселесі 10 жылда жиі көтеріліп келді. Себебі елдімекеннің дәл ортасын теміржол кесіп жатыр. Жұрт базарға немесе аудан әкімдігі мен әлеуметтік нысандарға бару үшін шойын жол астындағы тар өткелмен өтетін. Алайда бір ғана көлікке шақталған жолда таңғы және кешкі уақытта кептеліс болатын.
«Осы темір жол салынғалы Жуалы ауданы тұрғындарының үлкен мәселесі болған. Бүгін шешілді, рақмет», – деді аудан тұрғыны Байсейіт Жармұхамбет.
Жергілікті биліктің мәліметінше, жерасты өткелін салуға 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары арасында тоқтап, уақытынан кеш басталса да, жоспарға сай аяқталыпты.
Айта кетейік, жаңа өткелдің ұзындығы – 31, биіктігі – 5 метрден асады.
«Президент тапсырмаларын орындау аясында Жамбыл облысында жол инфрақұрылым жүйелі жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елд мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 23,4 миллиард теңге бөлінді», – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Жамбыл облысында тозығы жеткен тағы 2 көпір бар. Олар Тараз қаласының шыға берісінде орналасқан. Біріншісін жөндеуге 5 млрд-тан аса теңге қажет болса, екіншісінің жобасы енді жасалып жатыр.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Павлодардағы жеке клиникада тісін емдеткен бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатыр