Жүйедегі олқылық: алматылық тұрғын электронды платформада сатып алған баспанасына кіре алмай жүр

Айгүл Жылқыбаеваның отбасы бір жылдан бері мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырғанымен, түпкілікті нәтиже әлі шыққан жоқ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел бойынша электронды жүйеде рәсімделген талай келісімшарт қайта қаралып, тіпті күшін жоюы мүмкін. Алматыда дәл осындай негізде бұрын-соңды болмаған құқықтық прецедент тіркелді. Редакциямызға мемлекеттік ETP Adlet электронды аукционынан пәтер сатып алған әйел хабарласып, көмек сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполис тұрғыны Айгүл Жылқыбаева мүлікті аукционға қойып сататын etp.adlet порталынан баспана алуға бел буған. Сауда электронды платформада заң шеңберінде рәсімделіп, төлем жасалған. Бірақ бұрынғы тұрғындар пәтерден шығуға асықпаған көрінеді. Сол аралықта кассациялық сот рәсімделген мәмілені күтпеген жерден жоққа шығарыпты. Нәтижесінде егде жастағы әйел баспанасыз, ақшасыз далада қалды. Қазір ол туыстарының үйін паналап, соттың нақты шешімін күтіп жүр.

«Заң бізді қорғайды деп сенеміз. Өйткені менің сіңілім зардап шегіп отыр. Ол ісіне адал, бірде-бір алаяқтық әрекет жасамаған. Үйді заңға сай сатып алды. Ақшасын ұзақ жылдар бойы жинаған. Қазір сырқаттанып, емделіп жүр. Өзі заңды сатып алған үйіне кіре алмай жүр», – деді жәбірленушінің әпкесі Сәуле Шалғымбаева

Ал заңгерлер «мәселе жүйедегі олқылықта, сот орындаушылары базасында техникалық ақау кеткен» дейді. Айтуларынша, егер қызметкер еңбек демалысына кетсе немесе уақытша жұмыс істей алмаса, оның міндетін басқа адам атқарады, бұл – қалыпты тәжірибе. Бірақ электронды базада мұндай алгоритм қарастырылмаған. Жүйе құжатқа жұмыста жоқ орындаушының қолын автоматты түрде қойып жіберген көрінеді. Сот осы тетікке сүйеніп, «протоколды заңсыз» деп танып, мәмілені жарамсыз деп шешім шығарғанын айтты.

«Adlet платформасындағы құжаттарды талдасақ, дәл осылай қолтаңба қойылған мыңнан астам хаттама табылуы мүмкін. Бұл азаматтардың құқығына жаппай нұқсан келтіреді. Мұнда жүйеде қате кеткені байқалады. Демалыстағы сот орындаушысының орнына басқа қызметкер тағайындалғанын көрсететін механизм қарастырылмаған», – деді жәбірленушінің заңгер Абай Күленов.

Республикалық жеке сот орындаушылары палатасы бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, қызметкер істі жүргізе алмаса, оның өндірісін басқа маманға беру — заңды және бұрыннан қолданылатын тәсіл. Палата өкілдерінің сөзінше, бұл жағдайға қатысты толық талдау басталып, соттың мұндай шешімге қалай келгені тексеріліп жатыр.

«Талдау әлі жүріп жатыр, нақты қорытынды кейін беріледі. Бірақ қазірдің өзінде айта алатынымыз - мұндай жағдайлар қайталанбауы тиіс. Яғни, адал сатып алушыларға да, борышкерлерге де, сот орындаушыларының жұмысына да ешқандай қауіп жоқ», – деді Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының сарапшысы Олжас Хамидулин.

Айгүл Жылқыбаеваның отбасы бір жылдан бері мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырғанымен, түпкілікті нәтиже әлі шыққан жоқ. Ал заңгерлер бұл шешім күшінде қалса, аукцион сайттарындағы саудадан бастап,  «Сергек» жүйесі арқылы салынған айыппұлдарға дейін — мыңдаған құжат пен мәміленің қайта қаралуы әбден мүмкін екенін айтып отыр.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов

Оқи отырыңыз: Өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық етудің қажеті жоқ - Бағила Балтабаева

Новости партнеров