Жүк көліктері қауіпті: Ащыбұлақтықтар мектеп жанынан салынып жатқан қойма құрылысына қарсы

17.04.2026 16:54

Ауылдағы білім ордасында 2 мыңға жуық оқушы білім алады

Алматы облысының тұрғындары мектеп жанынан салынып жатқан қойма құрылысына қарсы. Ащыбұлақ ауылының жұрты егер нысан қолданысқа берілсе, ауыр жүк көліктерінің дәл осы маңмен қатынауы балалар үшін қауіпті болады деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындар қарсылық танытқан аймақта жекеменшік компания жолдарды тегістеп, белгілер орнатып жатыр. Салдарынан, тротуар бұзылып, балалар жолдың жиегімен жүруге мәжбүр. Ал ата аналр бұл оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін айтты.

«Қарасуда болған барлық оқиғаны осында тұрғандар біледі. Жүк көлігінің оң жақ бөлігі «соқыр аймақ» саналады. Тіпті үлкен адамдардың өзі білмейді. Жақын жерде мектеп бар, баспаналар бар, кім келісім берді?» - деді  Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Күмісай Сейдахметқызы .

Ащыбұлақ ауылында орналасқан білім ордасында шамамен 2 мыңға жуық оқушы білім алады. Дені мектепке жаяу қатынайды. Сондықтан жеткіншектердің қауіпсіздігі өзекті.

«Бізде өндіріс орындары онсыз да көп. Ащыбұлақ ауылдық округінің 75 проценты солар алып жатыр. Қалған 25 пайыз тұрғын үй орналасқан. Балалардың мектеп ошағының жанынан қойма салынуына түбейгейлі қарсымыз», деді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Мадина Кибриханова.

Ал құрылыс жүргізіп жатқан жекеменшік компания өкілдері жобаның толық заңды екенін айтады. Сөздерінше, жүк көліктері негізінен түнгі уақытта қатынайды.

«Бұл қоймаға фуролар түнгі 21:00-ден кейін келеді. Жүкті түсіреді да, шығып кетеді. Бұл мектепке ешқандай зияны жоқ. Заңбұзушылық жоқ, менің құжаттарымның бәрі түгел. Архитектура, әкімшілік бәрі мені тексеріп отыр», - деді қойма басшысы Санат Сүлейманқұлов.

Тұрғындар алдына аудандық атқамінерлер де келді. Жауаптылар аталмыш нысанның бас жоспарға сай келетінін алға тартты. Сондай-ақ бұл маңға арнайы белгілер орнатып, қосымша қауіпсіздік шараларын күшейтеміз деп сендірді.

«Бас жоспарға енген, ауылдық округке ішіне сай келіп тұр. Кішігірім қойма. Басында халық ойлап қалған үлкен промбаза салынады деп. Халыққа тағы да түсіндірдім. Бұл жерге полициямен бірігіп, арнайы жол белгілері қойылады, Жүк көліктері тек түнгі уақытта жүреді», деді Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмас Бөкенаев.

Ауыл азаматтары мектеп маңындағы кез келген құрылыс ең алдымен, балалардың өміріне қауіп төндірмеуі тиіс және оның алдын алу маңызды дейді. Сондықтан, олар мәселені облыс деңгейінде көтермек ниетте.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов, Алматы облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді жинау акциясы өтті