Жүктілік кезінде қандай тексерулерден өту маңызды - министрлік түсіндірді

12.08.2026 18:49

Зерттеулер жүктіліктің белгілі бір мерзімдерінде жүргізіледі

Depositphotos.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі болашақ аналарға жүктілік кезінде пренаталдық скринингтен уақытылы өтудің маңызын еске салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Пренаталдық скрининг – болашақ ананың денсаулығы мен ұрықтың даму жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін кешенді тексеру. Оның құрамына ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), қан талдаулары және бейінді мамандардың консультациялары кіреді.

Зерттеулер жүктіліктің белгілі бір мерзімдерінде жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты – әйелдің денсаулық жағдайын және ұрықтың дамуын бағалау, ықтимал қауіп факторларын анықтау және қажет болған жағдайда қосымша диагностиканың қажеттілігін айқындау.

Қосымша тексеруге жолдама нені білдіреді?

Алматы қаласындағы №36 қалалық емхананың дәрігері Әбубәкір Ақбота Өмірбекқызының айтуынша, скринингтің әр кезеңі белгіленген мерзімде өтуі керек.

«Скринингтің әрбір кезеңі белгілі бір мерзімде жүргізіледі және өзіндік маңызы бар. Сондықтан тағайындалған тексерулерден қалмай, дәрігердің ұсынымдарын сақтау маңызды. Егер скрининг нәтижелері бойынша қандай да бір сұрақтар туындаса, әйелге қосымша тексеру тағайындалуы мүмкін. Қосымша тексеруге жолдама беру баладан қандай да бір ауру анықталды дегенді білдірмейді», – деді Алматы қаласындағы №36 қалалық емхананың дәрігері Әбубәкір Ақбота Өмірбекқызы.

Мамандар болашақ аналарға жүктілік бойынша уақтылы есепке тұруды, медициналық бақылау кестесін сақтауды және тағайындалған зерттеулерден белгіленген мерзімде өтуді ұсынады.

Скрининг тегін жүргізіледі

Пренаталдық скрининг міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жүргізіледі.

Жүктілік кезінде тұрақты медициналық бақылаудан өту қажетті медициналық көмекті уақытылы алуға және болашақ анаға жүктіліктің барлық кезеңінде кешенді медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Астанада велотректен Қазақстан чемпионаты өтеді

Толық көрсету