«Харассмент» ұғымы қоғамда барған сайын өзекті болып келеді. Әсіресе жұмыс орнындағы орынсыз әрекеттер, әдепсіз сөздер мен психологиялық қысым – осы құбылыстың көріністері. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар көп жағдайда ашық айтылмайды. Тіпті кейбір азаматтар өздерінің харассментке ұшырап жүргенін аңғармауы да мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшылардың айтуынша, қысым көргендердің басым бөлігі болған жағдайды жария етуден ұялып, үнсіз қалуды жөн көреді. Харассменттің қандай түрлері бар және одан зардап шеккендер қандай қиындықтарға тап болады?
Бір қарағанда, жай әзіл немесе орынсыз сөз болып көрінгенімен, мұндай әрекеттер адамның ар-намысына тиіп, психологиялық қысым көрсетуі мүмкін. Әсіресе жұмыс орнындағы харассмент көп жағдайда жария етілмей қалады. Бұған жәбірленушілердің қорқынышы мен қызметінен айырылып қалу қаупі себеп. Осы мәселені шешу үшін елде жұмыс орнындағы харассментке қатысты жауапкершілікті заңмен бекіту мәселесі көтерілген еді.
«Ол тек мемлекеттік қызметте немесе квазимемлекеттік секторда ғана емес, барлық жұмыс орындарында міндетті түрде қарастырылуы керек. Өйткені ешкімнің құқығы бұзылмауы тиіс. Мысалы, ер болсын, әйел болсын, жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге қысым көрсетілмеуі керек. Харассмент мәселесі өте өзекті және оны шешуіміз қажет», – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Заңгерлердің айтуынша, қазіргі уақытта қысым көрсеткен адамдарды жауапқа тарту оңай емес. Себебі мұндай әрекеттерге қатысты заңнамада нақты құқықтық тетіктердің болмауы жазалау процесін қиындатып отыр.
«Өкінішке қарай, жұмыс орнында осындай жағдай орын алса, қазіргі Еңбек кодексінде оған қатысты терминология жоқ. Басқа жерде болса, ұсақ бұзақылық туралы баппен қаралуы мүмкін. Ал ұсақ бұзақылықтың ішінен харассментті бөліп көрсету өте қиын», – деді халықаралық заңгер Аяжан Ойратовна.
Отандық сарапшылар харассментке тап болған азаматтардың мұндай жағдайда қалай әрекет ететінін зерделеген. Сондай-ақ зерттеу аясында жұмыс орнында қызметкерлер жиі кездесетін қысым түрлері де қарастырылған.
«19 сұхбат жүргізілді. Олар харассментке тап болған адамдар арасында өтті. Зерттеуге көбінесе әйел адамдар қатысты. Информанттарымыздың мәліметі бойынша, олар харассменттің үш түріне тап болған. Біріншісі – кемсіту, екіншісі – жыныстық қудалау, үшіншісі – гендерлік стереотиптерге қатысты харассмент», – деді Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының бөлім басшысы Адина Магамбетова.
Жалпы, харассмент мәселесі елімізде көптен бері көтеріліп келеді. Алайда әзірге бұл мәселеге қатысты жеке заң немесе арнайы бап жоқ. Дегенмен қазір тиісті заң жобасы пысықталып жатыр. Құжат жыл соңына дейін Құрылтайдың қарауына ұсынылуы мүмкін.
Мәди Бижан. «Алматы» телеарнасы. Астанадан