Жұмыссыздарды қолдау жүйесі: төлемақы мерзімі мен шарттары қалай өзгереді

25.09.2026 21:54

Келер жылдан бастап қазақстандықтарға жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі қысқарады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мәлімдеді, 

Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, төлемді алудың максималды мерзімі бұрынғыдай 6 емес, енді 3 айды құрайды. Ал оның берілуі адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысқанына байланысты болмақ. Жаңа өзгеріс жайында студия қонағы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми өкілі Ерлан Мұқан айтады.

– Ерлан мырза, алдағы уақытта жұмыссыз қалған азаматтар нені ескеруі керек

Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесі мен жәрдемақы төлеу тәртібіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, Мансап орталығында жұмыс іздеуші ретінде тіркелу мерзімі өзгертілді. Бұрын азаматтарға өз мамандығы мен біліктілігіне сай жұмыс орнын іздеу үшін небәрі 2 күн ғана берілетін болса, қазір бұл аралық ұзартылды. Енді 3 күннен 13 күнге дейінгі уақыт аралығында Мансап орталығының мамандары азаматтың жұмыс өтілі мен біліктілігіне сәйкес келетін бос жұмыс орындарын қарастырып, жұмыс берушімен сұхбатқа дейін толық сүйемелдеп отырады. Егер мамандығына сай жұмыс табылмаса, орталық азаматты қайта даярлау курстарынан өткізіп, басқа мамандықтар бойынша жұмысқа орналастырумен айналысады. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысынан айырылу бойынша берілетін әлеуметтік төлемнің мерзіміне қатысты өзгерістер күшіне енеді. Қазіргі уақытта бұл жәрдемақы 6 ай көлемінде төленіп келсе, 2027 жылдан бастап төлем мерзімі ең көбі 3 айға дейін қысқарады. 

Төлемнің берілу ұзақтығы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған жарналардың көлеміне тікелей байланысты болады:

Әлеуметтік сақтандыру қорына 6 айдан 12 айға дейін жарна аударылған болса – әлеуметтік төлем 1 ай көлемінде төленеді; 

Жарна төлеу мерзімі 12 айдан 24 ай аралығын құраса – төлем 2 ай бойы беріледі; 

Ал 24 айдан асқан жағдайда жұмысынан айырылған азаматқа әлеуметтік төлем толықтай 3 ай бойы тағайындалатын болады".

– Қазіргі уақытта аталған көмекті еліміздің қанша азаматы алады? Қанша адам жұмыссыз жүр?

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2026 жылдың 2-тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрайды.  Әлеуметтік сақтандыру қоры тарапынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалған азаматтардың саны 314 мыңға жетіп отыр. 8 айдың қорытындысы бойынша, Қор тарапынан азаматтарға жалпы сомасы 101 миллиард теңгеге жуық төлем төленген. 

Мамандардың айтуынша, жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін жұмыстан босау себептері маңызды емес. Басты алғышарттар – азаматтың мансап орталығына барып, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі және Қорға кемінде 6 ай көлемінде әлеуметтік аударымдардың жасалуы. 

Айта кету керек, бұл міндетті аударымдарды жұмысшы емес, тікелей жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді».

Оқи отырыңыз: Маман тапшылығы: Атырау облысында инклюзивті білім беретін педагог жетіспейді

Толық көрсету