Мемлекет басшысы әкімдердің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін заңмен бекітуді ұсынды
Мемлекет басшысы ауыл әкімдіктері қызметкерлеріне жағдай жасаудың маңызына назар аударды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ауыл әкімдерінің мәртебесі туралы мәселені айналып өте алмаймыз. Бұл – өте өзекті дүние. Аталған ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, тіпті, Президент Әкімшілігіне тиісті өтініштер түскенін жақсы білемін. Мемлекеттік қызметшілердің санаттарын нақты белгілеу керек. Үкімет Парламентпен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, бір ай ішінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін беруге тиіс. Содан соң шешім қабылданады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлген жөн.
«Әкімдіктерде, әсіресе, ауыл әкімдіктерінде бұрын жұмыс істеген немесе қазір де еңбек етіп жүрген азаматтар мұны мемлекеттік қызметшінің нағыз өмір мектебі деп бекер айтпайды. Бұл баршаға түсінікті. Өйткені әкімдік қызметкерлері билік пен бұқара арасында сенімді әрі сындарлы диалог жүргізуді меңгеріп, нағыз басқару машығын жетілдіреді. Сол себепті ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің жұмыс істеуіне, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау маңызды деп санаймын», - деп атап өтті Президент.
Осылай деген Мемлекет басшысы әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшеюі керек екенін баса айтты.
«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Бұл – дұрыс емес. Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс. Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін.
Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауы керек. Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады», - деді ол.
Оқи отырыңыз: Дәрменсіз күйге түспеуі тиіс: Тоқаев әкімдер өкілеттігін нақтылауды тапсырды