Жүргізушіні соққыға жыққан: Алматы облысында күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Зардап шеккен автобус жүргізушісінің басы жарылып, қабағы жыртылғаны анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы облысында көлік апатынан 170-ке жуық адам қаза болған. Тәртіп бұзғандар көбіне жол қозғалысына кедергі келтірсе, енді бірі өзге азаматтарға тікелей зиянын тигізіп жатады. Біздің редакциямызға жүгінген тұрғын дәл осындай заңсыз әрекеттің құрбаны болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыс тұрғыны Асхат Абибулла 15 жылдан бері жолаушылар автобусын тізгіндеп, еңбек етіп келеді. Тәжірибелі маманның айтуынша, оқиға биыл 11 қыркүйекте Құлжа тас жолында болған. Оған кенеттен өзге жүк көлігі келіп соғылған. Екі ер кісі мәселені шешіп жатқанда жол бойына белгісіз ер адам тоқтап, қозғалысты қиындатқан. Жағдайға мүлде қатысы жоқ азаматтың әрекеттері бейнекамераларға жазылыпты. Онда ол жолаушылар автобусының тізгіншісіне шабуыл жасап, ұрып-соғып, оқиға орнынан бой тасалағаны анық көрінеді.

«Көлік апатын көре тұра, қасымызға келіп, қауіп тудырып тұр. Мен ол кісіге түсіндірсем, ол керісінше соққының астына алды, қабағым жыртылып кетті. Бір көзіме қан басып қалған соң, қашуға ниеттендім. Сонда да бұл кісі шамамен 10-15 рет ұрды», – деді Алматы облысының тұрғыны Асхат Абибулла.

Зардап шеккен автобус жүргізушісі жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның басы жарылып, қабағы жыртылғанын анықтаған. Кейіннен жұдырық жұмсаған ер адамның жәбірленушінің мемлекеттік нөмірін жұлып алып кеткені де белгілі болды. Бұл дерек бойынша Талғар аудандық Полиция басқармасына арыз-шағым түскен. Алайда жәбірленушінің айтуынша, арада 4 айдан астам уақыт өтсе де, іс бойынша нақты шара қолданбаған.

«Қоғамға қауіпті адам болып тұр. Тағы қайталап тұр. Ол оқиға болған күні, Талғарға полиция бөлімшесіне барған. Өз еркімен барды ма, ұстап алып барды ма, білмедім?», – деді Асхат Абибулла.

Жәбірленуші тараптың мәліметінше, бұл азаматтың бұрын да бұзақылық жасап, адам денсаулығына зиян келтіргені үшін жауапқа тартылғаны жайлы ақпарат бар. Оқиға орнында жазылған кадрлер әлеуметтік желіге тарап, қызу талқыға түсті. Ақпарат тарағаннан кейін, облыстық Полиция департаменті мәлімдеме жасады.

 «Полиция қызметкерлері бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді, қылмыстық іс материалдары жақын арада процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болады», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Жәбірленуші тарап әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның денсаулыққа зиян келтіріп, жеке мүлікке қол сұққаны бойынша да заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.

Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: 18 жастағы жігіт көз жұмды: екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды

Новости партнеров