Наурыз – жаңару мен бірліктің ұлы мейрамы

23.03.2026 09:28

Қазақстанда Наурыз мейрамы ерекше кең көлемде атап өтіледі

Аlmaty.tv / Арайлым Бекбергенова

Наурыз мейрамы – адамзат өркениетімен бірге жасасып келе жатқан көне әрі қасиетті мерекелердің бірі. Бұл күн – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің қайта түлейтін шағы, жыл басы ретінде ерекше мәнге ие. Күн мен түн теңелетін көктемгі мезгіл – шамамен 22 наурыз – жаңа жылдың бастауын білдіреді, деп хабарлайды Almaty.tv

«Наурыз» сөзі көне парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл – жаңа өмірдің, жаңа үміттің бастауы. Сондықтан да Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, береке мен бірліктің символы.

Бұл мейрам Балқан түбегінен бастап Орта Азия мен Таяу Шығыс, Кавказ елдеріне дейін кең таралған. Бүгінде ол халықаралық деңгейде мойындалып, әлем халықтарын жақындастыратын ортақ құндылыққа айналды.

Қазақстанда Наурыз мейрамы ерекше кең көлемде атап өтіледі. Соңғы жылдары мерекенің мазмұны тереңдеп, «Наурызнама» онкүндігі дәстүрге айналды. 14-23 наурыз аралығын қамтитын бұл кезең әр күнге белгілі бір тақырып беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Наурызнама онкүндігі мынадай күндерден тұрады:

  • 14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі). Бұл күні адамдар бір-бірімен жүздесіп, амандасып, ақ тілектерін айтады.
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Мейірімділік пен жанашырлық жасауға үндейтін күн.
  • 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Халық мұрасы мен дәстүрлерін дәріптеу күні.
  • 17 наурыз – Шаңырақ күні. Отбасы құндылықтары мен ұрпақ сабақтастығын насихаттайды.
  • 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Ұлттық киімнің маңызын танытатын күн.
  • 19 наурыз – Жаңару күні. Жаңа бастамалар мен игі өзгерістердің белгісі.
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Дәстүрлі ойындар мен спорт түрлерін насихаттау күні.
  • 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бірлік пен татулықты нығайтатын күн.
  • 22 наурыз – Жыл басы. Наурыз мейрамының негізгі күні, жаңа жылдың бастауы.
  • 23 наурыз – Тазару күні. Тазалық пен экологиялық мәдениетті дәріптейтін күн.

Қазақ халқы үшін Наурыз – тек мереке емес, рухани тазару мен жаңғырудың кезеңі. Бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, ізгі тілектерін білдіреді. Әр үйде дайындалатын наурыз көже – молшылық пен ырыстың нышаны.

Ежелгі түсінік бойынша, осы түні Қыдыр ата жер бетін аралап, береке дарытады деген сенім бар. Сондықтан халық бұл күнді ерекше ықыласпен қарсы алып, жаңа киім киіп, үйлерін ретке келтіреді.

Бүгінде Наурыз – дәстүр мен заманауи мәдениетті ұштастырған, қоғамдағы бірлікті нығайтатын маңызды мерекеге айналды. Ол – өткен мен бүгінді жалғайтын, адам мен табиғатты үндестіретін, жаңару мен үміттің символы.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Наурыз мейрамына арналған іс-шараға қатысты