Жылқы жылы қазақ тарихында нендей оқиғалармен есте қалған

01.01.2026 12:52

Тарих бетін парақтасақ, жылқы жылында қабылданған маңызды шешімдер аз емес

2026 жыл – жылқы жылы. Шығыс жорамалы бойынша киелі жануар – ежелден еркіндік пен табандылықтың нышаны, дамудың белгісі есептеледі.

Almaty.tv тілшісі қазақ жыл санауында жетінші орынға тұрақтаған, жыланға жол беріп, қойдан бұрын келетін жылқы жылы халқымыз үшін нендей оқиғалармен есте қалғанын саралап көрді.

Қазақтың салт-дәстүрі мен таным-тіршілігіне үңілсек, төрт түліктің төресі, ер жігіттің серігі, адал әрі текті жануардың бірі – жылқы екенін бірден аңғарамыз. Арғымақ пен тұлпар ежелден көшпелі өмір салтының тірегі, еркіндіктің символы саналған. Судың тазасын ішетін, шөптің құнарлысын жейтін киелі жаратылысты халқымыздың ерекше қастерлейтіні сондықтан. Жылқы жылы келгенде жаңа күнді жақсылық пен жайлылыққа балап, береке мен молшылық күтуі де тегіннен тегін емес.

Тарих бетін парақтасақ, жылқы жылында қабылданған маңызды шешімдер аз емес. Айтулы оқиғалар да көп. Мәселен 1870 жылы «Түркістан уәлаятының» газеті жарық көрді. Ал 1930 жылы Түрксіб теміржолы ашылып, тұңғыш рет ел аумағында әуе қатынасы орнаған. Одан бертін келе, нақтырақ айтсақ, 1990 жылы экономиканы нарықтық қатынастарға негіздейтін заңдар қабылданған. Ал 2002 жылы Түркістанда дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтіп, Астанада «Бәйтерек» монументі де бой көтерген.

«Қазақтың тарихында жылқы жылынан үлкен үміт күткен. Жылқы – тұлпар іспеттес, көптеген реформаның, шешімнің шешілетін жылы. Болашақта үлкен жетістіктерге жеткізетін жыл болып есептелінеді. Жылқы жылының басты ерекшелігі халыққа жайлы және сонымен қатар саяси реформалар,  мемлекеттік үлкен бәсекелестікте орнын табатын болашаққа бағыт бағдар берген, шауып бара жатқандай өтетін бір керемет жыл болып есептелінеді», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Симтиков.

Тарихты, көшпелі тұрмысты зерттеген сала мамандары «2026 жылы елдің рухы күшейеді» деп отыр. Себебі жылқы жылы – өрліктің де нышаны саналады. Ал ырымнан айырылмаған, дәстүрден еш жаңылмаған халқымыз сауда жасау үшін керуенмен шыққанда «Келер жыл жылқы жылы, қолайлы жыл» деп түйіп, алыс сапарға аттанбас бұрын әр атауға да мән беріп отырған. Бұдан бөлек, алаш жұрты күз айларында, шөп пісіп жетілген уақытта жердегі көкті өртеп көру арқылы да келер жылдың қалай өтетінін болжаған. Өсімдік тез жанып кетсе, жыл жайлы, бықсып жанса, сәтсіз болады деп сенген.    

«Жылқы – жақсы жылдардың қатарында, бірақ қар қалың түседі, ауа райы қиын болады. Дегенмен жылқы сол қиындықтардың бәрін жеңіп шыққан», – деді этнограф Ахмет Тоқтабай.

Ойды қорытар болсақ, жылқы ұғымы қазақ халқының тұрмысымен, шаруашылығымен етене қабысып, тарихымен тамырласып әрі тағдырласып жатыр. Сол себепті келер жылы оңды өзгеріс көп болады деп сенейік.

2026 жыл шат-шадыман сәттер мен жаңа мүмкіндіктер сыйласын!

Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Күн сайын мереке: қаңтар айында әлемде атап өтілетін ең ерекше даталар