Мұндай ақпаратты Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары айтты
Үкімет резервінен жылыту маусымына дайындыққа 27,9 миллиард теңге бөлінген. Мұндай ақпаратты Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, қаражаттың 12,7 миллиард теңгесі жылу көздерін жөндеп, салуға жұмсалады. Қалған сомасы жылу және электр желілерін салып, реконструкциялауға берілген. Ал электр стансаларындағы жабдықтарды жөндеуге 384 миллиард теңге жұмсалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайыз көп. Бөлінген қаржыға 9 энергия блогы, 55 қазандық және 51 турбина жөнделеді. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бүгінде 50 негізгі жабдық қалпына келтірілген. Электр желілерін реконструкциялау да қарқын алған. Қазірдің өзінде жалпы ұзындығы 17 мың шақырым болатын желілерде күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
«Қабылданған іс-шаралар қорытындысы бойынша электр станцияларындағы орташа тозу деңгейі 52 пайыз, электр желілері бойынша 65 пайыз төмендейді. Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының негізгі мақсаты – энергетикалық нысандардың сенімділігін арттыру және технологиялық бұзушылықтардың алдын алу», – деді ҚР Энергетика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов.
Министрлік өкілі жылыту маусымына қажетті отын қоры дайындалғанын жеткізді. Сөзінше, қоймаларда 4,2 миллион тонна көмір мен 131 мың тонна мазут жинақталған. Ал коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халыққа маусым бойы 7,5 миллион тонна көмір қажет. Отынды уақытылы жеткізу үшін оның өндірушіден бастап өңірлерге дейінгі қозғалысы тұрақты бақылауда болады. Ол үшін Республикалық штаб жұмыс істейді. Тіпті бірыңғай цифрлық платформа әзірленген.
«Жүйеге 951 теміржол және көмірді өткізумен айналысатын 586 көмір тұйығы операторының қызметі туралы мәліметтер біріктірілген. Жүйе әрбір теміржол тұйығындағы көмір қорын, жөнелтілген сәттен бастап өңірлерге жеткізілгенге дейінгі қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға, сондай-ақ жоспарлы және нақты көлемдерді салыстыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Энергетика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов.
Оқи отырыңыз: БҚО-да 245 шақырым автожолды жөндеу жұмыстары аяқталды