Бүгін Бейжіңде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында әйелдер арасында конькимен жүгіруден масс-старт бойынша жартылай финалдық бәсекелер мәресіне жетті
Қазақстандандық конькиші Надежда Морозова конькимен жүгіруден масс-старт бойынша Бейжің Олимпиадасының финалына жолдама алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін Бейжіңде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында әйелдер арасында конькимен жүгіруден масс-старт бойынша жартылай финалдық бәсекелер мәресіне жетті. Аталған санат бойынша Қазақстан сапынан ел намысын қорғаған Надежда Морозова жартылай финал қорытындысы бойынша өз тобында сегізінші орынға табан тіреді. Бұл бағдарлама бойынша, жартылай финалда үздік сегіздікке енген спортшылар финалға жолдама алады.
Осылайша жерлесіміз финалдық бәсекеде сынға түсуге мүмкіндік алды. Финалдық бәсеке елорда уақытымен сағат 15:00-де басталады. Сонымен қатар Олимпиада ойындарында конькимен жүгіруден ерлер арасында масс-старт жарысы өтті. Аталған бәсекеге Қазақстан сапынан Дмитрий Морозов қатысты. Алайда ол жартылай финалда мәре сызығын 10-шы болып кесіп өтті. Бұл нәтиже отандасымызға финалға шығуға мүмкіндік бермеді.