Қоржынында екі қола медалі бар Қазақстан құрамасы турнир кестесінде 28 орында

eurosport.ru
eurosport.ru
Алғашқы үштікті Қытай, Жапония, АҚШ бастап тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толықты. Бұл жолы Игорь Сон ауыр атлетикадан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, үздіктердің қатарынан көрінді. Одан бөлек, Михаил Кукушкин теннистен келесі кезеңге өтсе, Алматылық Милад Карими спорттық гимнастикадан 3 жаттығу бойынша финалға шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Олимпиада ойындары еліміз үшін жағымды жаңалықпен басталды. Зілтемірші Игорь Сон 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпеде 163 кг-ды еңсерді. Нәтижесінде, қос сайыс бойынша 294 келіні көтеріп, Қытай мен Индонезия спортшыларынан кейінгі 3-орынға жайғасты.

«Бәрінен бұрын Қазақстанға рақмет. Маған жанкүйер болғандарыңыз үшін және сіздердің сенімдеріңізді ақтағаным үшін қуанышымда шек жоқ», – деді Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон.

Одан бөлек, Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин де Олимпиада ойындарын жеңіспен бастады. Ол алғашқы айналымда аргентиналық Федерико Кориямен кездесіп, қос сетте  7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

«Келесі кездесу бүгінгіден де қиын болады, өйткені қарсыласым әлдеқайда қарымды. Бірақ ешнәрсеге қарамастан, тек жеңіске жетуге тырысамын. Жарысты одан әрі жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін», – деді қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин.

Қала тұрғындары да осы сәтті пайдалана отырып, ел мерейін асқақтатып жүрген спортшыларымызға сәттілік тіледі.

«Қазақстан құрамасы 2 қола алды. Әрі қарай да алты жүлде, күміс жүлде қанжығамызға тола берсін», – деді қала тұрғыны Нұрбол Меңлібаев.

«Жерлестерімізге сәттілік. Биіктерден көріне берсін. Алтын медальдар қоржынымызға салына берсін», – деді қала тұрғыны Гүлжанар Асқарова.

Бүгінгінің нәтижесі бойынша үстел теннисінен Кирилл Герасименко екінші айналымға өтсе, боксшымыз Зәкір Сафиуллин алғашқы жекпе-жегінде қарсыласынан басым түсті. Еске сала кетейік, еліміздің қоржынына алғашқы жүлдені Елдос Сметов салды. Спортшы айтулы жеңісінен кейін БАҚ өкілдерімен байланысқа шығып, жанкүйерлерден жарыс жолына енді шығатын дзюдошыларға қолдау көрсетулерін сұрады.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой. Бұл Олимпиада ойындарында кімнің бағы жанып тұр, сол қайткен күнде де жеңіске жетеді. Бірақ, менде әттеген-ай деген нәрсе жоқ. Өйткені ақтық айқасқа жолдама үшін мен барымды салдым», – деді Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов.

Айта кетейік, Қазақстан Ұлттық құрамасы 2 қола медальдан соң турнир кестесінде 28 орында келе жатыр. Алғашқы үштікті Қытай, Жапония, АҚШ бастап тұр.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров