Мырзағали Айтжанов: Сәкен Бибосынов жігітке керек мінездің бәрін көрсетті

olympic.kz
olympic.kz
Қазақстан құрамасының қоржыны тағы 2 қола медальмен толықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан құрамасының қоржыны тағы 2 қола медальмен толықты. Бұл жолы каратэден Дархан Асаділов пен еркін күрес шебері Нұрислам Санаев олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Ал, бокстан ақтық кезеңге өте алмаған Сәкен Бибосынов жекпе жектен соң өз ойын бөлісіп, халықтан кешірім сұрады. Almaty.tv тілшісі өрбітсін.

Бүгін жарыс жолына шыққан спортшыларымыз ел қоржынына 3 қола медаль салды. Солардың бірі 52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сәкен Бибосынов жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, ақтық сынға өте алмай қалған еді. Алайда боксшымыз сәтсіз жекпе жектен соң өзіне үміт артқан қазақстандықтардан кешірім сұрады.

«Токио олимпиадасына алтын аламын деп келгенмін. Бірақ қола жүлде бұйырып тұр екен. Жанкүйерлерді, қазақ халқын алтынмен қуантып, Токио төрінде әнұранымызды ойнатуды басты мақсат еттім. Өкінішке қарай, ол арманыма жете алмадым. Бар күш-жігерімді салып, соңына дейін жұдырықтастым. Бірақ сәттілік жетпеді. Барша жанкүйерден, барша халықтан жеңілгенім үшін кешірім сұраймын», – деді Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.

Айта кетейік, боксшыларымыз Токиода тек қана 2 қола медальмен шектелді. Бұған дейін Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта жүлдегер атанған еді.

«Негізі Сәкеннің бүгінгі ойыны тамаша. Нағыз жігіт, қайсарлық, мінез, намыс бәрін көрсетті деп ойлаймын. Неге десек 2-раундтан бастап қандай қайсарлық, темп, жылдамдық бәрін көрсетті. Жігітке керек мінездің бәрін көрсетті деп ойлаймын», – деді Сәкен Бибосыновтың жеке бапкері Мырзағали Айтжанов.

Одан бөлек, еркін күрестен 57 келіде сынға түскен Нұрислам Санаев кіші финалда болгариялық Георгий Вангеловті 5:1 есебімен жеңіп, қола медаль иемденсе, каратэшіміз Дархан Асаділов олимпиада ойындарының тарихында Қазақстаннан шыққан тұңғыш жүлдегер атанды. Ол жартылай финалда франциялық қарсыласына жол беріп, автоматты түрде үздік үштікке кірді.  

«Спорт дегеніміз тұнып тұрған эмоция. Бірде ұтсаң, бірде ұтыласың. Алайда өмірде қандай жағдай болмасын ең бастысы адам болып қалу керек. Токио олимпиадасындағы спортшыларымызға оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан оларға соңына дейін қолдау көрсетейік», – деді ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Гюзель Манюрова.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 7 қола медальмен турнир кестесінде 75-орында келе жатыр.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров