Қытайда санаулы сағаттардан соң XXIV Қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Төрткүл дүние асыға күткен төртжылдықтың басты додасына әлемнің 95 елінен 4 мыңға жуық спортшы қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әзірге керлингшілер мен хоккейшілер және фристайл-могулшылар арасында алғашқы іріктеу сындары басталып кетті. Ал олимпиада қалашығы толықтай қатаң бақылауда. Коронавирустың алдын алу үшін іште жүрген барлық адам күнде ПТР-тест тапсырып, тексерістен өтеді.
«Біз қазіргі таңда Бейжіңде орналасқан негізгі орталықтамыз. Бұл жердің жалпы көлемі 98 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі мәлімет бойынша әлемнің 1700-ден астам БАҚ өкілі жұмыс істеп отыр», - деді Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Әйгерім Тоқсанбек.
Айта кетейік, қысқы олимпиада ойындарының ресми ашылуы бүгін елорда уақытымен сағат 17:55-те басталады. Салтанатты шараны отандық арналар тікелей эфирде көрсетеді.