Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды. Бейжің ойындарының ресми ашылуы әлемге «Құс ұясы» атымен танылған Ұлттық стадионда өтті. Мұнда қысқы және жазғы ойындардың ашылу рәсімі ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ашылу салтанатының ең есте қаларлық сәттерінің бірі – Қазақстан командасының ту ұстаушылары Екатерина Айдова мен Абзал Әжіғалиевтің Сақ патшайымы мен қазақ батыры кейпінде ортаға шығуы еді. Біздің атлеттердің костюмі әлем назарын тағы да өзіне аударды. Көптеген шетелдік басылымдар біздің спортшылар костюмінің стилі мен ерекшелігіне жиі тоқталған.
Ту ұстаушылардың формасын сөз қызлған халықаралық басылымдар түс үйлесімі мен стильге баса мән береді. Мәселен, британдық The Guardian басылымы Олимпиаданың ашылуындағы 11 ерекше сәтке тоқталып, олардың қатарында қазақстандық делегацияны да қосқан.
«Қазақстандық конькиші Екатерина Айдова өзге елдердің костюмге қатысты ойын тас-талқан етті. Сондай-ақ Қазақстандық команда шарфтарын түсіріп, көпшілікке бұлғады», - деп жазды басылым.
Жапондық The Asahi Globe Ольга Рыпакованың Токио Олимпиадасындағы костюмін еске салды.
«4 ақпан күні өткен Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан командасының ту ұстаушылары тағы да керемет ұлттық костюмде шығып, әлеуметті желі назарын аударды. Өткен жылғы Токио Олимпиадасында Оьга Рыпакова жарқыраған ақ көйлек киіп, әлем жанкүйерлері оны «Қазақстан ханшайымы» деп атаған еді. Екі спортшы ел алдына шыққанда, әлемдегі Твиттер қолданушылары костюмдердің әдемілігін сөз етті. Сондай-ақ желі қолданушылары костюмдердің түстерін ерекше атап өткен», - деп жазды қолданушылар.
Америкалық The Insider басылымы қазақтандық ту ұстаушылардың костюмін «драмалық» деп атады.
«Ту ұстаушылар Екатерина Айдова мен Абзал Әжіғалиев Қазақстанды аренаға драмалық қара киімдермен алып шықты. Олардың соңынан форма киген делегация өкілдері ерді. Екатерина Айдова алтынмен өрнектелген классикалық өрнек салынған киімімен көпшілікті таңырқатты», - деп жазды америкалық басылым.
The Insider Олимпиаданың ашылуына арналған фоторепортажда Қазақстан командасына тағы да орын беріп: «Қазақстандық Екатерина Айдова алтын оюлармен өрнектелген костюмімен жарқырай түсті», - деп жазған.
Саясат пен мәдениеттегі маңызды оқиғаларды мәлімдейтін америкалық Slate интернет-басылы құраманың формасын ерекше атап өтті:
«Гардеробта хорегорафия керемет, Kazakhstan. Немесе, кешіріңіздер, Qazaqstan? Ретрофутуристік шрифтті жақсы көреміз. Ал күртедегі детальдар – керемет, спорттық киім үшін ерекше жұмсақ штрих», - деп жазды интернет басылым.
Олимпида жаңалықтарының ең басты дереккөздерінің бірі Inside the Games костюм дизайнерінің пікірін бөліскен. «Қазақстанның бай тарихы біздің керемет образды жасақтауымызға себеп болды», - деген болатын дизайнер.
Жапонияның ірі басылымы Уomiuri қазақстандық ту ұстаушылар туралы «Тағы да ханшайым келді» тақырыбымен мақала жариялады. «Токионың ізін ала қазақстандық ту ұстаушылардың әдемі костюмі Бейжіңде жалғасын тапты», - деп жазған жапондықтар.