Бүгін шорт-тректен ең қысқа қашықтықта әлем мықтылары анықталады

13.02.2022 21:45
Olympic.kz

Бүгін Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен 500 метрге жарысудан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Іріктеу кезеңінен кейін қазақстандық үш спортшы ширек финалға жолдама алған болатын. ҰОК маңызды дода қарсаңында спортшылар мен бапкерлер пікіріне құлақ түрді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шорт-тректен 500 метрге жарысушылар арасындағы іріктеу сыны 11 ақпанда өтті. Ал Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын алып шыққан Абзал Әжіғалиев үшін бұл маңызды дата еді. Себебі спортшы алты күн бойы айдынға шығатын сәтін асыға күтті.

Команда көшбасшысы іріктеуден іркілген жоқ. Ол өз тобында мәреге бірінші келіп, шешуші сәтте Оңтүтік Корея спортшысын артта қалдырды.  

«Мен Олимпиадада тек қана 500 метрде бақ сынаймын. Бұған дейін барлық спортшылар өз қашықтықтары бойынша жарысқа қатысып, мұз айдынын сезініп үлгерді. Ал мен 4 ақпаннан бері өз кезегімді күттім. Іріктеуді сәтті аяқтап, ширек финалға жолдама алдым. Енді алдағы сайыстарда маған сәттілік тілеп қойыңыздар», - деді Абзал.

Айта кетелік, Абзал Әжіғалиев дәл осы қашықтықта әлем кубогі кезеңдерінен жүлде алған спортшы. Ол Бейжің Олимпиадасында тек қана 500 метрлік жарыста сынға түседі. Бүгін Абзалға талай жылғы тәжірибесі мен шеберлігі көмектеседі деген ойдамыз. Сочи мен Пхенчханда бұйырмаған жүлде Бейжің төрінде қоржынға түссе деген тілегіміз бар.

1500 метрге жарысудан Олимпиаданың финалында өнер көрсетіп, үздік сегіздікке енген Әділ Ғалиахметов те ширек финалға жолдама алды. Бірақ тәжірибелі командаласына қарағанда, жас спортшы үшін бұл қашықтыққа жүгіру қиынға соққаны байқалады. Өйткені, Әділ негізінен ұзақ қашықтықтарға жүгіруге бейімделген.

«Мен негізінен ұзақ қашықтықтарға жүгіремін. Сондықтан, 500 метр аздап қиынға соқты. Бапкерлер маған қытайлық спортшыны ұзатып алмауды тапсырған. Канадалық спортшы құлап қалған соң, екінші орынды қолдан бермеуге тырыстым. Сол кезде ғана өзімді бос ұстап, жағдайды дұрыс бақыладым. Алдағы ширек финалда барынша жақсы өнер көрсетуге тырысамын», - деді іріктеуден кейін сөз алған спортшы.

Әділдің аяқ алысында спорт мамандары жоғары баға беруде. Әсіресе, Олимпиаданың қола жүлдегері, ресейлік Семен Елистратов оралдық спортшының көзі жалын атып тұрғанын айтады. Ең алғашқы Олимпиадасында финалға шығып, әлем үздіктерімен иық тірестірген Әділден бүгін де ерлік күтеміз.

500 метрге жүгіруден биылғы маусымды сәтті бастаған спортшылардың бірі  - Денис Никиша. Денис Олимпиадаға дейін әлем кубогінің екі кезеңінде қола медаль иеленіп, рейтингтегі жағдайын да жақсартқан болатын. Бейжіңдегі іріктеу сынында Никиша өз тобында бірінші келді.

«Іріктеуде бәрі өз ойлағанымдай болды. Алға қойған мақсатты орындадық. Ширек финалда жинақы өнер көрсетуіміз керек. Мен тап осы 500 метрге дайындалдым. Бұл қашықтықта өзімді еркін сезінемін. Қарсыластарды да жақсы білемін. Енді алдағы бәсекелерге дайындаламын», - дейді Денис.

Денис Никиша Бейжің Олимпиадасында 1500 метрге жарысудан бақ сынады. Алайда, бұл бәсеке қазақстандық спортшы үшін сәтсіз аяқталған еді. Команда көшбасшыларының бірі өзіне ең ыңғайлы қашықтықта көзге түседі деген сенімдеміз.

Бас бапкер Мәдіғали Қарсыбеков үшеуінің де ширек финалға өткенін қалыпты жағдай деп бағалады.

«Үш спортшымыз да ширек финалға өтті. Ендігі мақсат – финалға дейінгі екі кезеңнен сәтті өту. Қалғанын жағдайға байланысты көре жатамыз. Бір қуантқаны – Абзал Әжіғалиев бабында», - деп қысқа қайырды.

Шорт-тректен 500 метрге жарысудан ширек финал, жартылай финал және финалдық кезең бүгін, Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00-де басталады.