Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуы: Қазақстан құрамасы алаңнан жүріп өтті

Фото: ҚР ҰОК / НОК РК
Фото: ҚР ҰОК / НОК РК
Айтулы сынға әлемнің 90-нан астам елінен спортшылар қатысады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қытайда төрткүл дүние асыға күткен XXIV Қысқы олимпиада ойындарының ашылуы өтіп жатыр. Төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 95 елінен 4 мыңға тарта атлет қатысуда. Олар спорттың 15 түрінен бақ сынап, барлығы 109 медальға таласады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көзді ашып-жұмғанша жылдың басты додасы – Қысқы олимпиада ойындары басталып, оның ашылу салтанатының жоғары деңгейде өткенін байқауға болады. Жалпы, ел атынан қысқы ойындарға 34 спортшы аттанып, 87 жолдама ұтып алған болатын. Оның 8-і – алматылық. Қазақстан құрамасы алаңнан жүріп өтті. Көк туымызды белгілі шорт-трекші Абзал Ажғалиев пен конькимен жүгірші Екатерина Айдова ұстап шықты. Одан бөлек, Қазақстан құрамасының формасы Бейжің олимпиадасындағы ең стилді формалар қатарына кірді.

«Біз қазіргі таңда Бейжіңде орналасқан негізгі орталықтамыз. Бұл жердің жалпы көлемі 98 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі мәлімет бойынша әлемнің 1700-ден астам БАҚ өкілдері жұмыс істеп отыр», - деді Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Әйгерім Тоқсанбек.

Одан бөлек, 34 спортшының 19-ы қысқы ойындарға бірінші рет қатысып жатыр. Қалғаны 2, 36 тіпті 4-рет өнер көрсетпек. Олардың арасында фристайл-могулдан халықарлық жарыстарда олжа салып жүрген Жанбота Алдабергенова бар. Ол Алматыдан кетпей тұрып, бізге берген сұхбатында осымен 3-рет қатысып жатқанын айтып, қалайда жүлдегер атануға тырысамын деген болатын.

«Алғаш рет олимпиадаға қатысқанда, дебют болғандықтан, бәрін таң қалдарып, 6-орын алған болатынмын. Екінші олимпиадада секірмегенім төрешілерге ұнамай, финалдан алып тастаған болатын», - дейді фристайл-акробатикадан ұлттық құрама мүшесі Жанбота Алдабергенова.

Ал спорт саласында жүрген мамандардың айтуынша, осы ойындарда кемінде қоржынға бір медаль түсуі мүмкін.

«Әдетте қандай да бір спортшыға сенеміз. Ол бізге жеңіс әкеледі деп айтып жататынбыз. Юлия Галышевадан үміт күтіп отырмыз. Бірақ кеше бірінші іріктеуге қатыспады. Дегенмен екінші мүмкіндігі бар. Ары қарай финалға шығып, кемі қола медаль алса жақсы болушы еді», - дейді спорт комментаторы Әлімжан Асқар.

Айта кетейік, Қысқы олимпиада ойындары Қытайдың 3 қаласында өтіп жатыр. Жылдың басты додасы 20 ақпанға дейін жалғасады.  

Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров