Қытайда төрткүл дүние көз тіккен XXIV Қысқы олимпиада ойындарының ашылуы жоғары деңгейде өтті. Салтанатты шараға әлемнің 95 елінен 4 мыңға жуық атлет қатысып, алаңда жүріп өтті. Жылдың басты жарысына қатысушылар саны бойынша АҚШ, Ресей, Канада көш бастап тұр. Мәселен, АҚШ-тан 223, Ресейден 212, Канада елінен 211 адам келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дүбірлі додаға ел атынан 34 спортшы аттанып, барлығы 87 жолдама ұтып алған болатын. Оның 8-і алматылық. Қазақстан құрамасын осымен екінші рет белгілі шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькимен сырғанаушы Екатерина Айдова бастап, көк туымызды ұстап шықты.
«Ортаға шығардың алдында қобалжу болды. Бірақ спортшылар мені қолдады. Бастысы еліміздің туын алып шықтым. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Пекин қаласына келіп, бізді қолдап, рух берді», – деді шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі Абзал Әжіғалиев.
Қазақстан құрамасының ақ олимпиадада киген формасы Бейжіңдегі ең стильді киімдер тізіміне енді. Мұны Халықаралық олимпиада комитеті мен шетелдік басылымдар жарыса жазуда.
«Қадірлі қазақстандықтар! Бейжің олимпиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Үстімізге киген костюміміз бәрінің көңілінен шықты. Ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті», – деді конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі Екатерина Айдова.
Бұл олимпиада бұрынғы олимпиадаларға қарағанда өзгерек. Себебі спортшылар жатқан аймақ толықтай қатаң бақылауға алынған. Коронавирустың алдын алу үшін іште жүрген барлық адам күнделікті ПТР тест тапсырып, тексерістен өтуге мәжбүр. Егер оң нәтиже көрсеткен жағдайда атлеттер жарысқа қатыса алмайды. Бүгінде Қытай астанасында әлемнің 2 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мәлімет таратуда.
«Біз қазіргі таңда Бейжіңде орналасқан негізгі орталықтамыз. Бұл жердің жалпы көлемі 98 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі мәлімет бойынша әлемнің 1700-ден астам БАҚ өкілдері жұмыс істеп отыр», – деді Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Әйгерім Тоқсанбек.
Әзірге спортшыларымыз алғашқы іріктеу сындарына қатысуда. Бірінші болып фристайл-могулшыларымыз өнер көрсетіп, ақтық кезеңге өте алмады. Алда олардың екінші мүмкіндіктері бар. Ал бүгін шаңғымен тұғырдан секіруден Сергей Ткаченко 43,1 ұпай жинаса, Данил Васильевтің көрсеткіші 46,2-ге жетіп, келесі айналымға өтті. Кешкісін шорт-тректен 1000 метр қашықтықта аралас эстафета өтеді. Мұз айдынға Абзал Әжіғалиев бастаған атлеттер шығады.
Белгілі спорт сарапшыларының айтуынша, Бейжің олимпиадасында конькимен сырғанау, шорт-трек және фристайл-акробатика шеберлері мен могулшылардың жүлде алу мүмкіндігі жоғары. Олар өткен Әлем чемпионаттары мен Халықаралық жарыстарда көзге түсіп, қарсыластарына айтарлықтай қарсылық танытқан болатын.
«Ең жоғары дегенде 1 жүлде болуы мүмкін. Бірақ ол жүлденің нақты қандай екенін болжап айту қиын. Ол жүлде қолға түспей қалуы да мүмкін. Ал тіпті 2 жүлде боп жатса Нагано олимпиадасынан бері алған жақсы жүлдеміз болатын сияқты», – деді спорт журналисі Есей Жеңісұлы.
«Әдетте қандай да бір спортшыға сенеміз. Ол бізге жеңіс әкеледі деп айтып жататынбыз. Юлия Галышевадан үміт күтіп отырмыз. Бірақ кеше бірінші іріктеуге қатыспады. Дегенмен екінші мүмкіндігі бар. Ары қарай финалға шығып, кемі қола медаль алса жақсы болушы еді», – дейді спорт комментаторы Әлімжан Асқар.
Бейжің жазғы және Қысқы олимпиада ойындарын өткізген әлемдегі жалғыз қала. Сол себепті медальға өздерінің ұлттық нақыштағы құндылықтарын суреттеген. Әрі «Қос олимпиадалық қала» ретінде бейнеленеді.
Ақ олимпиадада өнер көрсететін 34 атлеттің 19-ы қысқы ойындарға бірінші рет қатысып жатыр. Қалғандары 2-ші, 3-ші тіпті 4-ші рет бақтарын сынауда. Жылдың басты додасы спорттың 15 түрінен өтіп, барлығы 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бүгінде аспанасты елінде 19 мың ерікті жұмыс істейді. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитетінің сессиясында ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Ян Шуань мәлімдеді. Дүбірлі дода Қытайдың 3 қаласында өтеді. Олар Бейжің, Чжанцзякоу, Яньцин шаһарлары. Жаһан жарысы 20 ақпанға дейін жалғасады.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы