Алматы көшелерін қардан тазарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

20.01.2022 14:05

Қазіргі таңда 2077 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды

пресс-служба акима Алматы

19 қаңтар күні сағат 16.15-тен бастап Алматы қаласында қар жауа бастады. 20 қаңтар сағат  07.00-дегі жағдай бойынша таулы аудандарда 20 см-ге дейін, қалада 6-8 см қар жауды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалада көктайғақтың алдын алу мақсатында қар жауа салысымен жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіледі. Қазіргі таңда барлығы 2077 тонна көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.

«Таулы және тау бөктеріндегі жерлерде, сондай-ақ негізгі магистралды көшелерде қар күреу жүргізіледі. Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, көпшілік пайдаланатын орындарды тазалау бойынша жұмыстар ұйымдастырылды», – делінген Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Түнгі уақытта 535 бірлік техника шықты, оның ішінде 208 құмшашқыш бар және 338 жұмысшы жұмылдырылды. Ал таңертең 562 арнайы техника бірлігі, 160 құмшашқыш және 1493 жұмысшы қаланы қардан тазартуға кірісті.

Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазгидрометтің болжамы бойынша аралас жауын-шашын түске таман аяқталады деп күтілуде. Ауа температурасы бүгін күндіз +1, +3 градус болады.