Қазгидромет 30 қазанда ауа райы қандай болатынын болжады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Синоптиктер мәліметіне сәйкес, бүгін елдің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр аралас қар жауады. Елдің шығыс және оңтүстік аймақтарында ғана жауын-шашын жаумайды.
"Республиканың басым бөлігінде тұман, солтүстігінде бұрқасын болады. Солтүстікте, солтүстік-батыста және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жел күшейіп, солтүстік-шығыста көктайғақ болады", – делінген хабарламада.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде шығыста желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Облыстың батыс бөлігінде желдің екпіні 25 м/с-ге жетеді. Түнде облыстың оңтүстігі, шығысы мен күндіз оңтүстігі мен батысында көктайғақ, бұрқасын болады.
Ақмола облысының солтүстік-шығысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Бұрқасын, көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман түседі.
Павлодар облысының солтүстігінде көктайғақ болады. Түнде облыстың солтүстік-батысында жел жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді.
Қостанай облысының солтүстігінде жел жылдамдығы 15-20 м/с дейін жетеді. Таңертең және күндіз облыстың батысында тұман болады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында жел 15-20 м/с дейін күшейіп, түнде тұман түседі.
Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында түнде және таңертең тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында түнде тұман түседі. Алматы, Түркістан облыстарының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман болады, Алматы облысының тауларында көктайғақ болады.