Еліміздің сегіз өңірде дабылды ескерту жарияланды

30.09.2019 14:33

Қазақстан облыстарының кей жерлерінде ауа температурасы -3-8 градусқа дейін төмендейді

Қазақстанның бірнеше қаласында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі "Қазгидромет" РМК сілтеме жасап.

30 қыркүйектен  1 казанға қараған түнде Ақтөбе, Қостанай облыстарында, ал 30 қыркүйек-2 казан аралығында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында, 1-3 қазанда Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы 3-8 градусқа дейін төмендейді.

Республика бойынша кей жерде найзағай, тұман түседі, жел 15-22 м/с-ке дейін күшейеді, шығыста көктайғақ болады.

Түркістан облысының кей жерінде тұман түсіп, жел екпіні 15-20 м/с-ке дейін күшейеді. Түнде және таңертең найзағай ойнайды.

Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде жел тұрып, түнде және таңертең тұман түсіп, көктайғақ болады.

Алматы және Жамбыл облыстарының бірқатар өңірлерінде найзағай ойнайды, Алматы облысының кей жерінде жел 17-22 м/с-ке дейін күшейеді, Жамбыл облысында тұман түседі.

Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының басым бөлігінде тұман түседі.

Павлодар облысының кей жерінде жел 15-20 м/с-ке дейін күшейеді. Қызылорда облысында түнде 1-3 градус үсік жүреді.

Түркістан облысында, Қызылорда облысының шығыс, Жамбыл облысының батыс, Қарағанды облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде өте жоғары өрт қауіпі сақталады.