Құтқару жұмыстары әлі жалғасуда
Жамбыл облысында қар құрсауында қалған адамдарға қатысты ақпарат тіркелген жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 15 желтоқсанда сағат 06:00-дегі жағдай бойынша 2413 адам құтқарылды, олардың ішінде 90 бала бар. 600-ге жуық адам үйіне қайтарылды. 1813 адам алты ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді. 3 азамат Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайы тұрақты, дәрігердің бақылауында. Екі күн ішінде жалпы 5000 адам құтқарылды.
Құтқару жұмыстары жалғасуда. Облыстық ТЖ департаменті жанынан жедел желі ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылған. Жолдағы блок-бекеттерге полиция наряды қойылған.
Электр желілерінің қалыпқа келтіру бойынша «Жамбыл электр желілері» ЖШС-мен 23 авариялық-құтқару тобы, 27 арнайы техника жұмылдырылды. Газ құбырларының апаты тіркелген жоқ, штатты режимде берілуде.
Төтенше жағдайларға байланысты «Шу-Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап қалған болатын. Шу аудандық көліктік прокуратураның ақпараты бойынша, қазіргі кезде жолаушылар пойызы жүре бастады, жағдай бақылауда.
Облыстың қалған елдімекендерінде жағдай тұрақты.
Айта кетейік, облыс әкімі Е. Қарашөкеевтің шешімімен 2023 жылғы 14 желтоқсанда Қордай және Шу аудандарының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс бойынша қауырт желі нөмірлері іске қосылды.