Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын көрсеткіші орташа шамада болады
Консультативті синоптикалық ауа райы болжамына сәйкес 2024 жылдың ақпанында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2° жоғары, Шығыс Қазақстан облысында, Алматы мен Жетісу облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарының тау және тау бөктеріндегі аудандарында қалыпты болады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі kazhydromet.kz-ке сілтеме жасап.
Ақпанда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында, Атырау облысында, Қостанай облысының солтүстік жартысында, еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінің тау және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болады. Республиканың солтүстік жартысында жауын-шашын көбінесе қар түрінде, оңтүстік жартысында жаңбыр, қар түрінде жауады. Тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді, елдің солтүстік жартысында жаяу бұрқасын болады.
Болжам бойынша ақпанның бірінші онкүндігінің басында ҚР басым бөлігінде қар, бұрқасын, кезеңнің ортасында және соңында жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Ақпанның басында оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында кейде қатты қар жауады. Тұрақсыз ауа райы: тұман, көктайғақ және желдің 15-28 м/с дейін күшеюі. Республиканың батысында ақпан айының басында, бірінші онкүндіктің ортасына қарай басым бөлігінде ауа температурасы жоғарылайды, күндіз оң мәндерге дейін көтеріледі: солтүстік жартысында -3+2°С дейін, оңтүстігінде +5+15°С дейін болады. Ақпанның бірінші онкүндігінің соңында температуралық фон солтүстік-батыс жартысында, содан кейін ҚР қалған аумағында кезекті рет төмендейді.
Оқи отырыңыз: Алматы қаласы бойынша 29 қаңтар мен 4 ақпан аралығындағы ауа райы болжамы