Мамандардың айтуынша, бұл жерлерге арнайы белгілер қойылып, қазір кезекшілік ұйымдастырылған
Солтүстік Қазақстан облысында өзеннің суы көтеріліп жатыр. Кеше таси бастаған Сергеев су қоймасының ернеуінен асқан судың биіктігі бүгін бір метрден асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Сергеев су қоймасының ернеуінен тасып аққан судың биіктігі бүгін таңғы сағат 8:00-де 102 см-ге жетті. Кеше, 5 сәуірде оның биіктігі 5 см болған.
Су әлі де келіп жатыр. Мәселен Сергеевка қаласының жанында Есіл өзенінің деңгейі бір тәулікте 294 см көтерілді. Ал Крещенко елдімекенінің маңында өзеннің су деңгейі 4,5 метрге жоғарылаған. Осылайша 1365 см құрап, қауіпті деңгей – 1400 см-ге жақындап қалды. Су өзен арнасынан шығып, жайылып жатыр.
Ақанбұрлық өзенінің де суы молайды. «Возвышенка» елдімекені маңындағы гидрологиялық бекетте мамандар су деңгейінің бір тәулікте 295 см көтерілгенін анықтады.
«Рузаевка» елдімекені маңында Шарық өзенінің де су деңгейі 97 см көтерілді. Бұл екі өзенде де мұз жарылып, сең жүріп жатыр.
Үлкен Тораңғұл көлінен әзірге келер қауіп жоқ. Гидрологиялық бекетте мамандар судың деңгейін бақылауда ұстап отыр, өзгеріс болмашы, 1 см ғана көтерілді.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 сәуір күні сағат 17:56-да еріген қар суы Рузаевка елдімекенінің маңында «Көкшетау-Рузаевка» автожолының 191 шақырымын шайып кетті. Сағат 22:00 шамасында судың жолға шығуы тоқтады.
Сондай-ақ Тоқсан би елдімекенінің маңында сағат 18:00 шамасында «Екатенирбург-Алматы» автожолының 41 метрін су басты. Сағат 00:20-да судың жайылуы тоқтады.
Мамандардың айтуынша, бұл жерлерге арнайы белгілер қойылып, қазір кезекшілік ұйымдастырылған.