Ауа райының өзгеруінен көктайғақ пайда болған
Петропавлда күн күрт жылынып, көктайғақ пайда болуына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілді, қоғамдық көліктер сәл кейінірек жүре бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Петропавлда көктайғақ салдарынан жарақат алған адамдар саны көбейді. Толассыз жауған жауын-шашын кесірінен қоғамдық көлік жұмысын тоқтатып, мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін сабақ онлайн өтіп жатыр.
Күннің күрт жылынуы мен ақпанда жауған жаңбырдың салдарынан көктайғаққа ұласты. Жарақат алғандар да бар. 74 жастағы Людмила Кукла таңертең дүкенге шығып, тайып құлап, оң қолын сындырған.
«Жүріп келе жатып, тайып құладым. Қалай құлағанымды өзім түсінбей қалдым. Жақын жердегі дүкен еді, сол жерден қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырттым», – деді қала тұрғыны Людмила Кукла.
Қала тұрғындарының айтуынша, бетін мұз басқан жолдармен жүру мүмкін емес. Оған қоса, ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты таңертең қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылып, жұртты әбігерге салған.
«Қоғамдық көлік жүрмей жатыр, байқадым. Құм-тұз қоспасы кей жерге ғана себілген. Көшелерде тиісті жұмыстар уақытында жүргізілсе, автобустар да жүрер еді, балалар да сабаққа барар еді ғой», – деді қала тұрғыны.
«Ауруханаға баруым керек еді. Таксидың бағасы қымбаттап кеткен, шақырайын десем ақша жоқ. Жаңа жүріп бара жатып, құлап қалдым. Ауа райын да ешкім ескертпеді. Коммуналдық қызметтер дер кезінде жұмысқа кіріссе болар еді», – деді қала тұрғыны.
Таңнан бері жарақат алып ауруханаға түсіп жатқандар саны сағат сайын көбеюде. Қалалық жарақат зардабын емдеу пунктіне түске дейін 34 адам келген.
«Жарақат алу пунктінде кезек көп. Медицина қызметкерлері барлығына шұғыл көмек көрсетіп жатыр. Адамдардың басым бөлігі қол-аяғын сындырып алған. Арасында кеуде қуысын зақымдап алғандар да кездеседі», – деді көпбейінді қалалық аурухананың баспасөз хатшысы Екатерина Белоусова.
Ал жергіліктің билік қаланың коммуналдық қызметі жауын-шашын тоқтағаннан кейін бірден жұмысқа кірісіп кеткен деп ақталды. Істі ертерек бастауға ауа-райы қолайсыз болғанын атап өтті. Қазір көшелерде құм мен тұз қоспасын себу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оған 50-ден аса техника жұмылдырылған.
«Ең алдымен Рабочий және Заречный кентінде, Ойқала мен Жас Өркен ықшамаудандарындағы көпір мен көпірге көтерілетін жолға құм-тұз қоспасы себілді. Кейін кезек магистральді көшелер мен тротуарларға жетті. Ал аялдамалдардың маңына «ледоруб ЭКО» қоспасы себіліп жатыр. Бұл мұзды ерітетін арнайы реагент», – деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Көктайғақ салдарынан жол-көлік оқиғалары да жиілеп кетті. Петропавлда түске дейін 7 апат болған. Зардап шеккендер жоқ. Қаладағы қазіргі жағдайға байланысты жол қозғалысын бақылау да күшейтілген. Айта кетейік, СҚО ауыр жүк көлігі үшін республикалық маңызы бар жол жабылды.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан