Алматыда коммуналдық қызмет қарқынды жұмыс істеп жатыр

16.04.2024 15:35

Күндізгі ауысымға 425 бірлік арнайы техника және 802 жұмысшы жұмылдырылды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласында сағат 04:00-ден басталған жаңбыр аракідік тоқтап 17 сәуірдің таңына дейін жалғасады. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, сағат 09:00-де қалада 14 мм, Медеуде 21 мм, Каменск үстіртінде 28 мм жауын-шашын түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

ТЖ бойынша жедел кезекшінің ақпаратынша сағат 09:00-дегі жағдай бойынша су жиналатын 12 учаске (жеке тұрғын үйлердің ауласында 6 жағдай, көшелерде 6 жағдай) тіркелді, олар жедел жойылды. Оған арық желілерінің бітелуі себеп болған.

– Арықтар кеше тазаланған, десе де, түрлі қалдық тұрып қалады. Сол себептен арықтар бітеліп жатыр. Адам көп жүретін жерлерде қоқыс та көбірек болады, – деді  «Алматы тазалық» МКК Бостандық ауданы басшысының орынбасары Мадияр Ордаханов.

Күндізгі ауысымға 425 бірлік арнайы техника және 802 жұмысшы жұмылдырылды. Мотопомпа, тазалаушы заттармен және басқа да қажетті шанц құралдарымен жарақтандырылған 52 жедел мобильді бригада жол астындағы арық арқылы судың кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету және проблемалық учаскелердегі су тасқынын жою үшін кезекшілік ұйымдастырылды. 2,3 мың қап құм дайындалды. Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданының кәсіпкерлері «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанын қолдап отыр