Есіл өзенінде балық қырылды

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Алдын ала болжам бойынша, күннің ыстығынан көл суы тартылып кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев су торабының төменгі бөлігінде орналасқан Есіл өзенінде балық қырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО Экология департаментінің мәліметінше, оқиға орнына экологтар, Есіл бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Шал ақын ауданының ветеринария қызметі, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы барды.

Есіл өзенінің жағалауы тексеріліп, комиссия балықтың нәлім мен көксерке түрінің шамамен 30-40 келісі қырылғанын анықтады.

Экология департаментінің қызметкерлері су сынамаларын, ал ветеринария қызметінің мамандары зертханалық зерттеулер жүргізу үшін балықтардың өлексесін алды.

Жергілікті атқарушы органдар санитарлық нормаларды сақтай отырып, қырылған балықты жинап алып, жойды.

Зерттеу нәтижелерінен кейін қосымша ақпарат берілетіні хабарланды.

Тамыздың басында СҚО Жамбыл ауданындағы Питное көлінде балық қырылғанын айтқан едік. Мамандардың есебі бойынша бір центнерге жуық мөңке мен алабұға өлген. Су жәндіктерінің неден қырылғанын анықтау үшін көл суының сынамасы, сондай-ақ өлген балықтың ұшасы лабораториялық сараптамалар жүргізу үшін алынды.

Алдын ала болжам бойынша күннің ыстығынан көл суы тартылып кеткен. Судың қатты жылуынан су өсімдіктері шіріп, улы газ бөлуі мүмкін. Әзірге зерттеу қорытындысы келген жоқ.

Новости партнеров