Синоптиктер шілде айында ауа райы қандай болатынын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Қазгидромет» РМК сілтеме жасап.
Шілде айында синоптикалық жағдай жиі өзгереді: батыс антициклондары келіп, оңтүстік циклондары кетеді. Айдың басында солтүстік өңірлерге Скандинавия аудандарынан циклон ығысады, онымен бірге дауылды жел соғады. Жаңбыр, кей жерлерде нөсер жауын жауады, сондай-ақ бұршақ, найзағай және дауыл түріндегі конвективті құбылыстар күтіледі.
Елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында ауа температурасы күндіз +17 +26ºС-қа дейін төмендеуі мүмкін.
Оңтүстікте қатты ыстықтан кейін ауа температурасы +25 +33ºС-қа дейін төмендеп, нөсер жаңбыр жауады.
Бірінші онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы біртіндеп жоғарылай бастайды. Екінші және үшінші онкүндікте сынап бағанасы солтүстік, орталық пен шығыста түнде +10 +15ºС-тан +15+20ºС-қа дейін, күндіз +25 +30ºС-тан +30 +38-қа дейін құбылады.
Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және батысында түнде +15 +20ºС-тан +20 +30ºС-қа дейін, күндіз +30 +38ºС-тан +35 +45ºС-қа дейін ауытқиды.