Зардап шеккендер жоқ
Батыс Қазақстан облысында күшті жел нысандар мен тұрғын үйлердің шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 1 мамырдан 2-сіне қараған түні сағат 23:30-да Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында болды.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметі бойынша, желдің екпіні секундына 21 метрге дейін жетті.
«Күшті жел салдарынан Халықтар достығы көшесі, 91 мекенжайында орналасқан Жаңақала аудандық ауруханасы ғимаратына тиесілі гараждың шатыры ішінара (78 шаршы метр) сыпырылып түсті. Сондай-ақ Дауылбаев көшесі, 14 мекенжайында үш қабатты ауданаралық оңалту орталығының шатыры (33 шаршы метр) жұлынды. С.Айтқұлов көшесі, 21А мекенжайында Жаңақала мектеп-гимназиясының екі қабатты жатақханасының шатыры (35 шаршы метр) сондай күйге ұшырады.
М.Мәметова көшесі, 6 мекенжайында үш қабатты Жаңақала орта мектебінің шатыры (156 шаршы метр) жерге түсті.
Сонымен қатар Халықтар достығы көшесі, 53 мекенжайында Жаңақала ауданы полиция бөлімінің екі қабатты ғимараты (253 шаршы метр), Ә.Нұрпейісов көшесі, 52 мекенжайында Жаңақала ауданды электр стансасына тиесілі бір қабатты ғимарат (40 шаршы метр), Бірлік көшесі, 33 мекенжайында «Интергаз Центральная Азия» АҚ «Energy Gonsulting Group» ЖШС-ға тиесілі 1 қабатты қонақүй (150 шаршы метр), Жаңақала ауылынан 3 шақырым жерде жас туристер стансасы қоймасының (66 шаршы метр) шатыры ұшты. Ауылда 47 тұрғын үйдің шатыр жабындысы бүлінді. Зардап шеккендер жоқ. 2 мамыр күні сағат 17:30-да газ желісі толық қалпына келтірілді. Сондай-ақ Жаңақала ауылында 779 абонент электр жарығынсыз қалды. Оқиға орнында «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС Жаңақала филиалының бригадалары жұмыс жасап жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.