«Қазгидромет» еліміздің 15 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады

Фото : 24.kz
Фото : 24.kz
Алматы қаласына іргелес аумақтардағы өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазгидромет» республикамық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметтері бойынша еліміздің 15 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Кәсіпорын таратқан мәліметтерге қарағанда, нөсер жауынға байланысты Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының таулы аудандарында және Алматы қаласына іргелес аумақтарда беткейлік ағынның қалыптасуы және өзендердегі судың деңгейі көтерілуі мүмкін.

15 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында күн күркіреп, бұршақ жаууы мүмкін. Таңертең және күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 17-22 метр болады. Ауа райы болжамының ықтималдылығы 80-90%.

Ақмола облысының басым бөлігінде жаңбыр жауады деген болжам бар. Кей жерлерде найзағай ойнап, дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа қарай соғып, түнде кей жерлерде секундына 15-20 метр, күндіз 15-20, кей жерлерде секундына 23 метр болады.

Алматы қаласында нөсер жауын, бұршақ жауып, жел тұрып, найзағай ойнап, желдің екпіні секундына 15 метрге жетеді. Алматы облысында нөсер жауын, бұршақ жауып, найзағай ойнап, дауыл соғуы мүмкін. Найзағай кезінде желдің екпіні секундына 17-22 метрге жетеді.

Шымкент қаласында найзағай ойнап, дауыл соғады. Найзағай кезіндегі желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Түркістан облысында нөсер жауын, бұршақ жауып, найзағай ойнап, найзағай кезінде желдің екпіні секундына 15-20 метр болады.

Қызылорда облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Қарағанды облысының кей жерлерінде күн күркіреп, жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен ұйтқиды.

Қостанай облысында нөсер жауын, бұршақ жауып, найзағай ойнап, желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Павлодар облысында желдің екпіні секундына 15-20 метрге, кей жерлерде 23 метрге жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсерлетеді. Сондай-ақ найзағай ойнап, дауыл тұрып, бұршақ жауады, желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Төтенше жағдайлар комитеті азаматтарды ауа райын бақылап отыруға, ауа райына байланысты ескертулерді тыңдап, қажетті сақтық шараларын сақтауға шағырады.

«Ауа райына байланысты ескертулерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге, тіпті секундына 30 метрге жетуі мүмкін екендігі айтылады. Осыған қарай, әртүрлі елді мекендерде қауіпсіздік техникасы бойынша ережелерді сақтауғ шақырамыз. Шағын қалалар мен мегаполистерде дауыл өте қауіпті»,-делінген хабарламада.

Осы орайда төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды ескертеді:

Терезелер! Қатты дауыл кезінде үйдегі немесе пәтердегі барлық терезелер мықты жабылуы тиіс.

Балкондар! Шыныланбаған балкондар мен лоджиялардан қатты жел кезінде сыртқа түсуі мүмкін барлық заттарды (құмыралар, банкалар, жәшіктер, шөлмектер және т.б.) алып тастау керек. Шыныланбаған балкондардан дауыл кезіндегі рамалармен бірге ескі терезелер ұшып кеткен жағдайлар болды.

Көшеде! Көшеде дауыл тұрған кезде жарнама қалқандарынан (және басқа да аспалы құрылымдардан), автобус аялдамаларынан, электр беру желілерінен, сондай-ақ ағаштардан мүмкіндігінше алыс жүріңіз. Айналаңызға қараңыз, өзіңізді жан-жағыңыздағы адамдарға құлап кетуі мүмкін заттарды байқаңыз. Құлауы мүмкін үзілген сымдар мен сырғитын заттарға (ағаштарға) жақындауға болмайды.

Паналау! Қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимараттан немесе басқа жерден ық тауып, жел саябырсығанша саялай тұру керек.

Үлкен ағаштар! Үлкен ағаштардың астына автокөлік қоюға болмайды, өйткені ағаш құлаған кезде басып қалуы мүмкін. Шіріген және ескі, сондай-ақ жалғыз тұрған ағаштар өте қауіпті.

«Үйде қалыңыздар, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар», - дейді ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.

 

 

Новости партнеров