Төтенше жағдайлар министрі су басу қаупі бар аймақтарды атады

Almaty.tv
Almaty.tv

Ведомство басшысы құжат бойынша барлық іс-шара жүзеге аспайтынын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 10 өңірдің елдімекенін су басу қаупі бар. Алты облыс бойынша дайындық қанша жүргізілсе де, жағдай жылда қайталанады. Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов жергілікті атқарушы органдарға су басу кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төтенше жағдайлар министрлігі жергілікті билікпен бірлесіп, су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізіліп жатқанын жеткізді. Тіпті қауіптің алдын алу үшін арнайы жол картасы да 3 жыл сайын жасалып келген. Ведомство басшысы құжат бойынша барлық іс-шара жүзеге аспайтынын атап өтті. 

– Барлық көзделген іс-шара тиісті қаржыландырылмаған. Нәтижесінде, соңғы Жол картасы тек 58 пайыз іске асырылды, 92 іс-шара орындалмады. Кейде жобалардың қымбаттауына байланысты жекелеген іс-шараларды іске асыру үшін қаржы жеткіліксіз болды. Оларды қосымша қаржыландыруға көп уақыт кетеді, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов.

Шыңғыс Арыновтың айутынша, біздің елде гидротехникалық құрылыстарға тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Республикалық нысандар жөнделгенімен, коммуналдық және жеке құрылыстар тасада қалып қояды. Ал олардың көбі су тасқыны қаупі бар аймақтарда орналасқан. Төтеншеліктер, оңтүстік өңірлерде күн жылына салысымен таулы аймақтарда қар көшкіні болуы мүмкін деп болжап отыр.

– Азаматтарға 112-ден келетін барлық хабарламаға назар аудару керек. Алдын алу жұмыстары жүргізілгенімен, таулы аймақтар қауіпті болып қала береді. Сондықтан күн жылынғанда тауға шықпауға кеңес береміз, – деді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма басшысы Асқар Нұрханов. 

Су тасу маусымына дайындық тыңғылықты жүргізіліп жатқанымен, топан су басатын бірнеше өңір бар. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновтың есебінше, соңғы үш жылда маусым сайын Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы елдімекендер судың астында қалады. Сондықтан ведомство басшысы жергілікті атқарушы органдарға су басу кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды.

Өмір Серікбекұлы, Нұлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстан аумағы бойынша синоптиктердің маусымдық ауа райы болжамы жарияланды

Новости партнеров