Қызылорда облысында қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды

02.02.2024 19:38

Олардың барлығы - ересек адамдар

elements.envato.com

Қызылорда облысы Шиелі ауданы аумағындағы Қаратау беткейінде 1 ақпанда ауа райының қолайсыздығы байқалды. Құтқарушылар Сауысқандық асуында қалып қойған 12 жүк және 2 жеңіл көлігіндегі 14 жолаушыны құтқарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментіне 1 ақпанда сағат 00:00 шамасында хабарлама келіп түсті. Онда Шиелі ауданындағы Қаратау беткейінде орналасқан «Шиелі-Тайқоңыр» тасжолында ауа райының қолайсыздығына байланысты адамдар қалып қойғаны айтылған.

«Оқиға орнына Шиелі ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұрперзент Мұсахан, №13 өрт сөндіру бөлімінен барлығы 8 қызметкер жолға шықты. Сауысқандық асуы Шиелі кентінен шамамен 70 шақырым жерде жатыр. Құтқарушылар жергілікті маңыздағы «Шиелі-Тайқоңыр» тасжолының 30-60 шақырымы аралығындағы Сауысқандық асуында 12 техникадағы 14 жолаушының қалып қойғанын анықтады. Олардың барлығы - ересек адамдар», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.

Ауа райының қолайсыздығы мен қардың қалың болуына байланысты олар жолда тұрып қалған.

Сондай-ақ Сауысқандық асуына барар жолда қар құрсауында қалған «ГАЗель» маркалы автокөлікті құтқару мақсатында қарды ашу жұмысын жүргізілді.

«Жолаушылар «Шиелі-Тайқоңыр» автожолында орналасқан жылыту пунктіне орналастырылды. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп төнген жоқ. Эвакуацияланған азаматтар азаматтық қорғау органдарының мамандарына алғыс білдірді», - деп толықтырды департаменттен.