Алматыда қар көшкіні болуы мүмкін - ТЖД

21.02.2019 19:40

ТЖД өкілдері қар көшкіні қаупіне байланысты таулы аймақтарға серуенге шығудың қауіптілігін ескертті

Zakon.kz

Алматыда толассыз жауған қардың салдарынан Кіші Алматы су алабында қар көшкіні жүру қаупі бар, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.

«Алып шаһарға кешелі бері жауған қардың қалындығы 10-12 см құрайды. Ал таулы аудандарда 15 см жеткен. Осы орайда қалалық коммуналдық қызметтер жолдарға 3100 тонна көктайғаққа қарсы құм сеуіп шықты. Қазіргі таңда жолдарды қалын қардан тазартуға 845 техника мен 2160 жұмысшы жұмылдырылды. Сондай-ақ қаладан 946 текше метр қар сыртқа шығарылды», - делінген хабарламада.

ТЖД өкілдері қар көшкіні қаупіне байланысты таулы аймақтарға серуенге шығудың қауіптілігін ескертті.

«Қазгидромет» РМК филиалының 2019 жылғы 21 ақпандағы № 2 дауылды ескертуі негізінде жауын-шашынның түсуіне, қар жамылғысының тұрақсыздығы мен қалыңдығына байланысты Кіші Алматы су алабында 21-22 ақпан күндері қар көшкіні болуы мүмкін», - деді баспасөз қызметінен.