Қазақстанда алдағы күндері 45 градусқа дейін қатты аяз болады

04.02.2019 19:56

Синоптиктер 5-7 ақпан күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Елорда Инфо Қазгидрометке сілтеме жасап.

Жайық аймағынан жылжып келе жатқан атмосфералық фронттар және Қазақстанның басым бөлігіндегі оңтүстік циклонмен бірге қар жауып, бұрқасын болады. Сондай-ақ оңтүстік облыстарда күшті ұйытқымалы жел, тұман және көктайғақ күтіледі.

Қар жауғаннан кейін Карск теңізінде орналасқан антициклонмен байланысты Қазақстанға арктикалық ауа массалары таралып, республиканың солтүстік, орталық және шығыс облыстарында 35…45°С дейін қатты аяз болады. Ауа райының суытуы оңтүстік облыстарға дейін жетіп, мұнда ауа температурасы кей жерлерде минус 22…30°С дейін төмендейді.