Ауа температурасы тіпті +18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін
«Қазгидромет» мамандарының болжауынша, осы аптада Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын жауып, ауа-температурасы біршама төмендейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қуантарлығы, шілденің шіліңгір ыстықпен басталуы алматылықтардың денсаулығына еш зиянын тигізбегенін айтады дәрігерлер. Әзірге басынан күн өтіп, ақ халатты абзал жандарға жүгінгендер болмапты. Тек бұрыннан жүрек, қан-тамыры ауруымен тіркеуде тұрғындардың келуі жиілеген.
Шілде еліміздің басым бөлігінде аптап ыстықпен басталды. Әсіресе, Алматыда ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріліп кетті. Десе де, синоптиктер қалада бүгін-ертең найзағай ойнап, жауын-шашын жауады деп болжап отыр. Тіпті таулы аймақтарда ұсақ бұршақ жаууы да ықтимал дейді олар. Түнде ауа температурасының +21-ден +18 градусқа дейін төмендеуі күтіледі. Ал күндіз ыстықтың беті қайтып, температура +28-30 градус шамасына тұрақтайды. Жалпы еліміздің біраз бөлігінде аптап ыстық бәсеңдейді.
«Еліміздің оңтүстік аймақтарында +40 градус ыстық төмендеп, енді керісінше күннің салқындауының әсерінен өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтіледі. Ауа-райының күрт төмендеуі еліміздің батысынан және де оңтүстік Оралдан келген атмосфералық ағыммен тікелей байланысты. Нәтижесінде, Қазақстанның басым бөлігінде күн бұлттанып, жаңбыр жауады. Ал солтүстік облыстардың кей жерлерінде нөсер жаңбыр мен желдің күшеюінен бұршақ жауады және орташа, ауа температурасы күрт төмендейді деп күтіледі», – дейді «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі Ақжамал САҒЫНТАЕВА.
Дегенмен, Алматыда шіліңгір шілдеде басынан күн өтіп, есінен танғандар жоқ дейді дәрігерлер. Тек амбулаторлық емге жүгінетіндердің қатары күрт артса керек. Яғни, күннің қатты ысуынан асқынатын қан қысымы, жүрек, қан-тамыр ауруларына шалдыққандар ем қабылдап жатыр дейді. Десе де, «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, дәрігерлер күннің ыстығында көшеде жүрмеуге кеңес береді. Сондай-ақ, егер жүрек қағысы артып, бас айналса, дене қызуы көтерілсе бірден дәрігерге жүгіну қажет дейді мамандар.
«Күн ысып тұрған кезде, алдымен отырған орынды салқындатып отыру маңызды. Әрине, ауырып қалмау үшін желдеткіште асыра пайдаланбаған жөн. Сосын денеге ауа өткізіп тұруы үшін таза мақтадан, зығырдан тігілген ашық түсті киімдер киген дұрыс. Бас киімдер де маңызды. Әсіресе, көбірек таза су ішкен абзал. Бұл қарапайым ережелер болғанымен кейде адамдар оны ұмытып кетеді. Өкінішке қарай, бізде денсаулықтарына аса мән бермейтіндер көп», – дейді Алматы қаласы № 24 қалалық емхананың бас дәрігері Жәмилә БАТТАКОВА.
Ал Алматылықтар мұндай ыстық жаз мезгіліне тән дейді. Сондықтан, күннің ысығынына қарамастан, көшеде қыдыра береміз дейді.
«Негізі шілде айы күннің ыситын уақыты ғой. Ауа-райы ешқандай да әсер етіп жатқан жоқ», – дейді бір тұрғын.
«Егер басыңа бас киім кисең, су ішсең, көлеңкеде жүрсең ондай проблема болмайды», – дейді тағы бір тұрғын.
«+37 градус ыстық дейді, әзірге қалыпты сияқты. Әрине, күннің астында емес, көлеңкемен жүреміз ғой», – дейді қаланың тағы бір тұрғыны.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы