Батыс өңіріндегі су басқан ауылдардан 250-ге жуық адам эвакуацияланды

14.03.2023 20:23

Орал қаласы мен тағы 3 ауданда төтенше жағдай режимі жарияланған

Almaty.tv

Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысының су басқан ауылдарынан 250-ге жуық адам эвакуацияланды. Өңірдегі жағдай әлі де күрделі. Бүгін Үкімет отырысында аталған аймақтарды су басу қаупі мен ондағы адамдарды құтқару мәселесі сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі жағдайды Премьер-министрдің алдында баяндады. Биыл қар аз жауғанымен, су деңгейі көтеріліп, жерге сіңбей жатыр. Оның айтуынша, облыс бойынша 320 мың шаршы метр қар шығарылыпты. Алайда  таудан аққан су 4 ауданға қауіп төндіріп отыр.

«Қазір Саратов, Оренбург облысынан су келу жөнінде қауіп бар. Біз өзіміздің ресейлік әріптестермен сөйлесіп отырмыз. Ең қауіпті мәселе – алдын-ала мәлімет бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 7-8 метрге дейін көтерілу мүмкін. Егер Жайықтағы су деңгейі көтерілетін болса, саяжайларды су басу қаупі бар», – деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

Әкімнің айтуынша, қауіптің алдын-алу мақсатында саяжай тұрғындарына ескерту жарияланыпты. Оларды апаратын қауіпсіз жер де дайындалған екен. Облыс басшысының сөзіне сенсек, табиғаттың мұндай мінезіне дайын болған. Қазір аймақта 1 мың 225 адам жұмыс істеп жатыр. 400-ге жуық техника жұмылдырылған.

«240-тан аса адам эвакуацияланды. 20-дан көп азамат қауіпсіз жерге жайғастырылды. Қалғандары туыстарының үйіне кетті. Қазір мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр. Су ағызу үшін кейбір республикалық маңызы бар жолдардың бетін бұзуға тура келді», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин

Қазір Орал қаласы мен тағы 3 ауданда төтенше жағдай режимі жарияланған. 3 елді мекендегі үйлерге су алып кеткен. Айта кетейін, БҚО 45 өзен бар. Қазір Шаған және Деркөл өзені тасып жатыр.