СҚО-да бір апта бойы соққан боран жұрттың әбден құтын қашырған. Төтеншеліктер әлі де ел-жұртқа ескерту жариялап әлек. Ал қар аралас жаңбырдың арты көктайғаққа ұласып, күре жолдағы қозғалыс күрт тоқтаған. Ең қиыны бірнеше ауыл дауылдың кесірінен жарықсыз қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қыс айы келмей қыспаққа түскен солтүстіктегі елдің ішінде 8 күн жарықсыз отырған ауылдар бар. Апталап соққан дауылдың кесірі біраз жұртты әбден әбігерге салды. Әсіресе ең күрделі жағдай Мағжан Жұмабаев ауданында. Тоқсыз қалған тұрғындардың мәселесін шешу үшін жергілікті билік көрші елмен келіссөз жүргізген.
– Мағжан Жұмабаев ауданын электр жүйесімен жабдықтау үшін Ресей Федерациясымен келіссөз жүргізілді. Ауыл тұрғындары көршілес елдің жарығына қосылды. Ауданның қалған бөлігі Ақмола облысының «Көкшетау Энерго» ЖШС-ға қосылды. Бұл серіктестік облыстың тағы 5 ауданын жарықпен қамтамасыз етіп отыр, – деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин.
Маңайдағы ауыл тұрмақ облыстың орталығында тұратындардың да жүруі қиындап қалған. Себебі қар аралас жаңбырдың арты көктайғаққа ұласқан. Тұрғындар көшелерге мұзды ерітетін қоспалардың шашылмай жатқанына наразы.
– Көктайғақ. Ешқандай жерде жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Аялдамалар алдында жүру мүмкін емес. Зейнеткерлер әрең жүреді. Ал олардың жанында ешкім болмаса не болады? – деді қала тұрғыны.
– Жүргіншілер жолына арнайы қоспа сеуіп тастауға болатын еді. Қар аралас жаңбырдан кейін жолдың барлығы көктайғақ. Менің ойымша, көп адам қаладағы тротуарлардың тазаланбай жатқанына наразы, – деді қала тұрғыны.
Ал көктайғақта мертігіп жатқан адамдар да көбейе бастаған. Соңғы 10 күнде қаладағы жарақат емдеу пунктіне 170-ге жуық адам жүгінген.
– Осы айда жарақат емдеу пунктіне 364 адам жүгінді. Олардың 26-сы ауруханаға жатқызылды. Егде жастағы адамдарға медициналық көмек көбірек көрсетіліп жатыр. Олардың көбі иығын шығарып, тобығы мен қол-аяғын сындырып алған. Одан бөлек әр түрлі дәрежеде денесі көгеріп қалған азаматтар бар, – деді Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасының баспасөз хатшысы Екатерина Белоусова.
Айта кетейік, 20 қарашадан бері облыс аумағында 7 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 11 адам зардап шеккен. Синоптиктер алдағы күндері ауа райы өзгермейтінін айтты. Сондықтан мамандар алыс жолға шықпай, сақ болуға үндеп отыр.
Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, Алматы телеарнасаы, СҚО-дан
Оқи отырыңыз: Жаңбыр, көктайғақ, қатты жел: 24 қарашаға арналған ауа райы болжамы