Алматыда 15 тамызда жауған жаңбыр салдарынан қала аудандарындағы кейбір жеке тұрғын үйлер, іргелес жатқан аулалар, жертөлелер мен көлік қиылыстары су астында қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы құтқару қызметіндегі «109» нөміріне тұрғындардан қоңыраулар таңертеңгі сағат 04:31-де түсе бастады. Барлығы 13 шағым түсті. Құтқарушылар негізінен Алатау аймағындағы мекенжайларға аттанды. Онда су басу қаупі болды.
"Ақбұлақ" ықшамауданындағы Бейсекбаева көшесіндегі су сору жұмысы қазір аяқталды. Мұнда төрт жеке тұрғын үйді жаңбыр суы басқан. Самади, Нұрпейісов және Сухе-Батор көше тұрғындарынан «109» нөміріне қоңыраулар көптеп түскен.
Тұрғындар ауланы, жертөлені және жеке тұрғын үйлерді су басқандығы туралы шағымданған. Бұл мекенжайлар бойынша Алатау ауданының мердігерлер компаниялары жұмыс істеді. Әуезов ауданында Райымбек даңғылы мен Саин көшесінің қиылысы да жаңбыр суының астында қалды.
Су басу зардаптарын аудан әкімшілігі және «Алматы Су» коммуналдық қызметі бірлесіп жойды. Құтқару жұмыстарына Алматы қалалық құтқару қызметінің 9 қызметкері, 2 техника және 4 су сорғыш мотор жұмылдырылды.