Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

20.05.2019 21:07

Синоптиктер 21, 22 мамырға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Қазгидромет» РМК өкілдеріне сілтеме жасап.

«Қазақстанның көптеген облыстарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ және жел тұруы мүмкін. Бұл барлық метеорологиялық құбылыстар алдымен полярлық, артынша арктикалық суық фронттардың өтуімен байланысты болады», - делінген хабарламада.  


21 және 22 мамыр күндері Нұр-Сұлтанда - 3 градусқа дейін үсік жүреді.

21 мамырда Қостанай облысының кей жерлерінде күн күркіреп, тұман түсіп, бұршақ жауады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с болады. Қостанайда 21 мамыр күндіз солтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады.

21 мамырда ШҚО-да күндіз кей жерлерде нөсер жауын жауып, күн күркіреп, дауыл болып, бұршақ жауады. Оңтүстік-батыстан күштілігі 25 м/с-ге дейін жел соғады. Өскемен мен Семейде найзағай ойнап, бұршақ жауады.

21 мамырда түнде Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде жаңбыр, қар жауып, тұман тұтады. Күндіз кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жауады. Солтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады. Түнде 1-6 градусқа дейін үсік жүреді.

21-22 мамырда Жамбыл облысының кей жерлерінде оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысумен күштілігі  15-20 м/с жел соғады. Күндіз желдің күші 23-28 м/с-ға жетуі мүмкін. Кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал.

21 мамырдың түнінде Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде - 1 градусқа дейін үсік жүреді деп күтіледі.